19.11.2015, 17:54
Оқылды: 31

Жәнібек ауданында аграрлық сектор дамуда

Janibek agrarlik sektor   Жәнібек аудандық мәдениет үйінде ауыл шаруашылық қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын оздырылып, оған ауыл шаруашылығы саласының  ардагерлері, ШҚ жетекшілері, ауылдық округтер әкімдері, аудандағы мекеме, кәсіпорын, ұйым басшылары, аудан жұртшылығы өкілдері қатысты.


Басқосуда аудан әкімі Мұрат Мұқаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, ауыл шаруашылық басшылары мен ардагерлеріне, өндіріс озаттарына және мал өсірушілерге өзінің алғысы мен ризашылығын жеткізді. Бұдан әрі аудан басшысы слайд арқылы ауданның аграрлық секторындағы қалыптасқан жағдайды қаузаған баяндама жасады. Оның баяндамасында айтылғанындай, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде аудандағы 143 ШҚ 293 млн. демеуқаржы алған. Бағдарламаларды жергілікті жерлерде түсіндірудің арқасында 2012 жылы 44 ШҚ 45 млн, бұрнағы жылы 62 ШҚ 92 млн, былтыр 115 ШҚ 180 млн. несие алуға қол жеткізген. Жалпы, осы төрт жылда аудандағы шаруа қожалықтары 620 млн. теңге демеуқаржыға ие болған. Мұның өзі Жәнібек ауданының мемлекет тарапынан берілген қолдауды тиімді пайдалануда  республика бойынша алдыңғы орындардың қатарында келе жатқанын дәлелдейді. Сонымен бірге аудан биыл республика бойынша Ақмола облысынан кейін екінші болып,  ауылдық тұтыну кооперативін құруды қолға алды. Дәлірек айтқанда, аудандағы Қамысты ауылдық округінің тұрғыны Жанболат Ғұмаров облыс көлемінде алғашқы болып «Хан түскен» деп аталатын ауылдық тұтыну кооперативін құрды. Аудан әкімі бұдан соң малды асылдандыру, «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары бойынша несие алудағы қол жеткен жетістіктерді, сол сияқты құдық қазу, электр желісімен қамту, мал азығын дайындау, жылыжай отырғызу барысындағы табыстарды сөзіне сүйеніш  етті. Сондай-ақ,  ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамытуда былтыр аудан Ресейге 1500 бас ірі қара шығарып, немесе 220 тонна ет экспортталғанын, биылғы 10 айда 3850 бас шығарылып, немесе 390 тонна ет экспортталғанын баян етіп, облыс бойынша бірінші орынға ие болғанын мәлімдеді.

www.zhaikpress.kz

                                                                               Н.Өтей.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале