18.02.2016, 13:15
Оқылды: 23

Жәнібек ауданында қоғамдық кеңес құрылды

Janibek kogamdik kenes   Өткен жылы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» заң шыққан болатын. Үстіміздегі жылдан бастап Ұлт жоспары аясында аталған заң өз күшіне енді.


         Бүгін аудан әкімдігінде аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимовтың төрағалық етуімен жиын өтіп, онда аудандағы қоғамдық кеңестің құрамы анықталды. Ауданнан жиырма бес үміткер ашық дауыс арқылы мүшелікке қабылданды. Олардың бәрі де жерлестеріміздің құрметіне бөленген әрі жауапкершілікті терең сезінетін азаматтар. Кеңестің негізгі мақсаты - азаматтық қоғамның мүдделері мен жергілікті деңгейде шешімдерді талқылау барысында жұртшылықтың пікірін есепке алуды білдіру. Сондай-ақ жергілікті атқарушы және өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара қарым-қатынасын дамыту да бүгінгі кеңестің міндеті.

         Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында оның төрағасы болып аудандық ардагерлер ұйымының мүшесі, Жәнібек ауданының Құрметті азаматы Бекет Әліпқалиев сайланды. Хатшылығына аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Жаннат Мұстафина бекітілді.

         Отырыста аудан әкімі Мұрат Мұқаев 2015 жылы атқарған жұмыстарын және алдағы жоспарларын осы кеңес мүшелері алдында баяндады. Аудан басшысының айтуынша, қазіргі таңдағы басты мәселелердің бірі салық базасын нығайту болып табылады. Ауданымызда соңғы үш жылда салық базасы 30 пайыздан асқан. «Үстіміздегі жылы Тау ауылдық округіндегі мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтпекші. Сондай-ақ ауылдарға жүргізілетін ауыз су мен аудан орталығында бой көтеретін спорт кешенінің қаржылық-сметалық жобасы дайын тұр. Елімізде қаржылық дағдарысқа байланысты инвестициялық жобалар мұнайдың бағасы көтеріліп, экономика бірқалыпқа келгенше тоқтап тұрғаны белгілі. Жағдай тұрақталған соң, осы жұмыстарды да бастайтын боламыз. Биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауданға келген жас мамандарға арналған 10-15 шақты тұрғын үй бой көтеретін болады. Өткен жылы Ақоба және Борсы ауылындарында шағын футбол алаңдары салынған болатын. Сондай алаңдарды биыл басқа ауылдық округтерде де салу жоспарда тұр. Облыстан қаржы бөлінсе, Жәнібек ауылының ішіндегі жолдардың 10 шақырымын жөндеп, қалыпқа келтіреміз» - деді Мұрат Рахметұлы. Аудан әкімі білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларында атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.

www.zhaikpress.kz

Д.ОСПАН

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале