9.06.2016, 18:21
Оқылды: 24

Жәнібек ауданы әкімі қос ауылды аралады

Janibek akim auildar    Қамысты және Тау ауылдық округтерінде жұмыс сапарымен болған аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин бірнеше әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Аудан басшысы, алдымен, Қамысты ауылындағы дәрігерлік амбулатория, ветеринариялық стансасы, мәдениет үйі, жазғы демалыс саябағы мен балабақшаның жай-күйімен танысты. Мекеме қызметкерлерімен еркін әңгімелесіп, проблемалық мәселелерге құлақ түрді.


     Мұнан кейін Наурызбай Қадырбайұлы 2013 жылы жаңадан пайдалануға берілген Е.Ниетқалиев атындағы ЖББОМ-ға ат басын тіреді. Білім ордасынан соңғы он жылда 11 «Алтын белгі» иегерлері түлеп ұшқандығына, жалпы мектептің жоғары білім көрсеткішіне аудан әкімі тәнті екенін жасырмады. Мектеп директорына білім ошағының тарихынан сыр шертетін мұрағат бөлмесін ашуды ұсынды.

         Одан кейінгі кезекте Наурызбай Қарағойшин Тау ауылындағы мәдениет үйіне барып, жуырда күрделі жөндеуден өтпекші ғимаратты аралады. Сахна үстінде қаз-қатар тізілген музыкалық аспаптарға назар аударған аудан басшысы мәдениет үйінің бүгінгі тіршілігіне риза болды. Наурызбай Қадырбайұлы, сондай-ақ ауылдағы балабақшаға, мектеп жанындағы интернатқа да барып, жұмыс барысымен жіті танысты.

         Аудан әкімі жұмыс сапарымен барған екі ауылдық округте де мекеме-ұйым басшылары және ауыл ақсақалдарымен жиын өткізді. Жиын барысында қазіргі таңда өзекті болып отырған су, жол мәселесі, жаз мезгілінде болуы мүмкін дала өртінің алдын алу шаралары сияқты тақырыптарда әңгіме өрбіді.

www.zhaikpress.kz

Д.ОСПАН

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале