28.04.2016, 10:47
Оқылды: 56

Жәнібек жұрты тасаттық садақасын берді

Janibek tasattik     Асылында қазақ тіліне «тасаттық» сөзі арабтардан енген. Араб тіліндегі мағынасы Алла разылығы үшін қайыр садақа беру болып табылады. Ал халқымыздың ұғымында ол жауын тілеу мақсатымен Алла разылығы үшін көпшілік атынан құрбан шалу мағынасында қолданылады. Қазақ халқы бүгінгі күнге дейін тасаттық беру үшін бірігіп, құрбандыққа мал шалып, көпшілікке дастархан жайып, құран оқып, дұға жасаумен Жаратушы Алладан жаңбыр тілейді. Демек, тасаттық беру – Алла тағаладан рақымшылық, медет сұрағанда жасалатын діни рәсім.


    Осы рәсімді Жәнібек ауданының тұрғындары бірігіп жасады. Дүйім жұртшылық Алладан жаңбыр жаууын тілеп, ата-баба рухына құран бағыштап, ниет қылды. Қыстан аман шыққандары үшін, биылғы егіннің бітік болып өсуіне және қалыптасқан ел бірлігінің сақталуы жолында  ауыл халқы тасаттық берді.  Ауыл ақсақалдары, жастар, көпшілік жиналып, жазық далаға барып, екі рәкат намаз оқып, содан соң мешітке қарай бет алып, астан дәм татып, дұға қылды. Аудандық мешіттің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев жиналғандарға тасаттықтың мән-мағынасын  түсіндіріп, уағыз айтты. Ауылдың үлкендері бата беріп, жасап жатқан тасаттықтың қабыл болуын Алладан сұрады, ата-баба аруағына құран бағыштап, ел-жұрт үшін игі дұға етті. Өміріміз қалыпқа түсіп, ынтымағымыз жарасқанда осындай салиқалы, қайырымды амалдарды жасауды ұмытпаған жөн. Ел болып тілеген дұғалары қабыл болсын!

www.zhaikpress.kz

Арайлым КЕСЕКОВА

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале