7.05.2016, 21:38
Оқылды: 18

Жөндеу сапалы жүрмек

Screenshot_2016-05-09-06-39-31-1Шыңғырлау ауданында сыны мен сыры кете бастаған ғимараттарды қалпына келтіру, жөндеуден өткізу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін аудан орталығында 20 үйге Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеу жүргізілген болатын.


Қазіргі таңда ауданның коммуналды шаруашылық және «Қазпошта» мекемелерінің тапсырысы бойынша «Қазпошта» мекемесі ғимаратының 3 және 1 қабаттарын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары басталып кетті. Жөндеу жұмыстарын осы салада аудан нарығында көп жылдан бері құрылыс жұмыстарын жүргізіп келе жатырған «Мансур»ЖШС-гі жүргізуде. Материалдық базасы толық, шеберлігі жоғары мамандар қамтылған серіктестіктің қашанда жұмысы сапалы, беделі биік.

Қолға алынған жөндеу жұмыстары шұғыл атқарылып, ғимараттың бүгінге дейін болмаған шатыры салынып болып қалды. Әдетте, көріп жүргеніміздей, шатыр асты белдіктер ағаштардан, тақтайлардан құрылған кейбір ғимараттардың төбелері жазғы-қысқы дауылды желдерде шыдас бермей жатады, ал бұл мердігер ғимарат төбесін темір белдіктермен пісіре бекітіп, сапалы етіп жасауда.
-Шатыр жұмысын бітірсек, қабырға сылағы, жылу жүйесін орнату, жаңа үлгідегі терезелер қондыруды бастаймыз. Ғимараттың өз алдына автономды жылу қазандығы болады. Одан соң ғимараттың бірінші қабатын осындай толық жөндеуден өткізетін боламыз,- дейді серіктестік басшысы Мәди Есқайыров.
Қазіргі таңда бұл жұмыстарға 16 адам тартылған, барлығы да жергілікті тұрғындар. Бір айта кететіні - серіктестік жергілікті Шыңғырлау колледжімен әлеуметтік серіктес, яғни, колледж оқушылары осы шаруашылықта өндірістік тәжірибеден өтеді, тіпті жұмысқа орналасып та қалып жатады. Қазірдің өзінде құрылыс ұжымында көп жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан мамандармен қатар колледж бітіргендер де, тәжірибеден өтушілер де бар.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына»- дейді қазақ. Қажетті құрылыстың тез және сапалы аяқталарына көңіл сенеді.

www.zhaikpress.kz

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале