27.04.2016, 18:18
Оқылды: 24

Заңды талаптарға бағынбағандар жазаланады

policei     Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» заңнамасына сәйкес ішкі істер органдарының қызметкерлері мемлекеттік биліктің өкілі саналады және мемлекеттің қарауында болады.  Полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау, жүктелген міндеттерін орындауға кедергі келтіретін әрекеттерге бару, тіл тигізу, балағаттау, қарсы келу, қорқыту, денсаулығына, ар-намысына қастандық жасаған азаматтар белгіленген заңдарға сәйкес жауапкершілікке тартылады.


    Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 378-бабындағы билік өкілдеріне тіл тигізгендері үшін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады деп көрсетілген. Кейбір тұлғалар полиция қызметкерлерінің билік өкілі екенін ұмыт қалдырып, олардың заң аясында талап еткендеріне бағынбай, елемеушілік танытып жатады. Алайда, билік өкілдеріне бағынбағандар Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 379-бабына сай аса үлкен көлемдегі айыппұл төлеуден бастап, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тартылатын болады.

    Мысалы, 2015 жылдың 22-тамызында шамамен түнгі сағат 22.00 шамасында А.есімді азамат Матросов көшесіндегі 2/7-мекен-жайында орналасқан «Бақыт-жолы» базарының аумағында болып, арақ ішкен күйінде өзгенің мазасын алып жүрген. Бұл азаматты  Орал қ.ІІБ қызметкері, яғни, учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция лейтенанты А.Бисенов тоқтатып, қоғамдық орында мас күйде жүрмеуін талап еткен. Осы сәтте А.Бисенов нысанды формасымен базардың ашылу салтанатына қатысып, көпшілік-мәдени шара кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп тұрған болатын. Тәртіп сақшысы бұл азаматтан өзімен  бірге патрульдік көлікке жақындауын талап етеді. Алайда, сақшының сөзіне құлақ аспаған азамат айтқанын орындаудан бас тартып, үстіндегі жеңіл жейдесін шешіп, кеудесін жалаңаштайды. Көпшілікке көрсете жер бетіне етпеттей жатады. Онымен қоймай, өзінің қызметін мінсіз атқарып тұрған А.Бисеновті балағаттап, былапыт сөздердің астында қалдырады. Сақшы іргелес тұрған полиция қызметкерлерін көмекке шақырады. Учаскелік полиция инспекторлары полиция капитаны Ю.Полунин мен полиция аға лейтенанты К.Турсунгалиевтің күшімен араққа тойған азамат облыстық уақытша оқшаулау және детоксикация орталығына жеткізілді. Осылайша, 14.12.1984 жылы туылған, отбасын құрмаған, бұрын сотталмаған, Орал қаласы, Покатилова көшесіндегі  №40-үй тұрғыны, қаладағы бір оқу орнының студенті А. есімді азамат қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін  Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 379 бабының 1 бөлімінен жауапталды.

     2015 жылдың 28 тамызында шамамен сағат 23.30-да  Орал қаласы Есенжанов көшесіндегі №1/1-үй қасында Орал қ.ІІБ ӘПб учаскелік полиция инспекторларынан жасақталған «Үкі-4» түнгі іздестіру тобы патрульдеу қызметі  барысында  В. есімді азаматты тоқтатқан. 12.02.1978 жылы туылған, отбасын құрмаған, Орал қаласының тұрғыны   бұл азамат қоғамдық орында араққа сылқия тойып алып,  көше кезіп жүрген еді. Тәртіп сақшыларының қолына іліккен азамат Орал қаласындағы «Айтиев» көшесінде орналасқан облыстық наркологиялық диспансерге жеткізіліп, есірткі шеккені немесе арақ ішкені медициналық тұрғыдан дәлелденуі тиіс болатын. Ол арнайы диспансерге жеткізіліп, дәрігерлерге тексеріледі. Диспансерден шыққан соң Орал қ.ІІБ жеткізіліп әкімшілік хаттама толтырылуы тиіс болатын. Алайда, азамат көлікке отырудан баст тартып, сіресіп тұрып алады. Инспекторлардың айтқанын түсінбейді, басқармаға барудан бас тартады. Ол аз дегендей, тырағайлап қашып, сытылып кетуді жоспарлайды. 17.11.2015 жылғы №985 медициналық  эксперттің қорытындысында  В. есімді азаматтың алкоголизм дертіне шалдыққаны, ішімдік ішуге құлықты екені, ішімдікке психологиялық әрі физикалық  тұрғыда тәуелділігі, бойында алкоголге құрылған синдром бары, алкоголизмнен емдеуді организмінің талап етуі анықталды. Алайда, есірткіге тәуелді еместігі, нашақорлыққа бейімділігі анықталмады. В. Қазақстан Республикасы қылмыстық  кодексінің 379 бабының 1 бөлімімен жауапталып, шара қолданылды.

     21.02.2016 жылы шамамен сағат 19.05-те Орал қаласы аумағындағы «Желаев» елді-мекенінің «Шоссейная» көшесіндегі  «Удача» дүкені қасында болған И. есімді азамат қоғамдық орында арақ ішіп жүргенімен қоймай, полиция капитаны Р.Бекеевтің ескертпелерін тыңдамаған. Бұл азаматтан сұрақ-жауап алу барысында  25.03.1970 жылы туылғаны, «Желаев» ауылындағы «Вербовая көшесіндегі» №2/1-үйде тұратыны, үйленбегені, уақытша жұмыс жасамайтыны  анықталды.  Ол өзінің қызметтік міндетін атқарып жүрген Орал қ.ІІБ жегілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Р.Бекеевтін ар-намысына тіл тигізіп, былапыт сөздермен балағаттаған. Хаттама толтырылып, қажетті құжаттар жинақталған соң, сот шешімімен Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 378 бабының 1 бөлімімен  заң алдында жауапталды.

    Құқықтық тәртіпті сақтау-әр адамның жеке басының жауапкершілігіне, құқықтық сауаттылығына байланысты. Тәртіп сақшыларына қатысты құқыққа қарсы іс-әрекеттерге жол берген тұлғалардың  әкімшілік  немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескергендері жөн.

www.zhaikpress.kz

Гүламан Исмагулова

Орал қ.ІІБ баспасөз қызметкері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале