18.02.2016, 13:13
Оқылды: 19

Зеленов ауданында көктем мезгілінде болуы ықтимал су тасқынының алдын алуға байланысты комиссия отырысы өтті

????????????????????????????????????

 Зеленов ауданында көктем мезгілінде болуы ықтимал су тасқынының алдын алуға байланысты Зеленов ауданы әкімі Кәрім Жақыпов, ауыл әкімдері, бөлім басшылары, аудандық азаматтық қорғаныс және төтенше жағдай қызметтерінің қатысуымен комиссия отырысы болып өтті. Мақсат белгілі. Енді, алдын  ала құрылған жоспарға  сай  әркет ету қажет. Ауылдық округтерде эвакоқабылдау пунктерінің, қар тазалау және арнайы техниканың, автономды желілерінің, сусорғыштардың,  жылыту  құралдарының тізімі анықталып, төтенше жағдайлар кезінде азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша келісім шарттар жасалған. Сондай-ақ, аудан бойынша төтенше жағдайлар кезіндегі хабарлау  сызбасы да құрылған.


Зеленов аудандық азаматтық қорғаныс және төтенше жағдай бойынша бас маман  Амантай Жұмақұловтың берген мәліметіне сүйенсек, су тасқынына қарсы шараларды өткізу үшін мол қаражат қарастырылған екен. Бөлінген қаржы 10 мың дана қап, 300 т. шиыршық құм қоспасы, 10 т.жанар-жағар май, 1 сусорғыш, 2 жылыту құралдарын алуға және қарды шығаруға жұмсалған.

Бүгінгі күні аудан әкімдігінде 23 сусорғыш, 21 электр генераторы, 59 құтқару жилеттері, 10 резеңке қайық және 6 мотобур бар. Жалпы, ауданымызда 7 су қоймасы бар, атап айтсақ, Январцев селолық окургінде -2, Сұлукөл с/ о -2, Чировс/о-1, Раздольный с/о -1, Махамбет с/о-1.

Басқосу барысында Зеленов аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы, БҚО ТЖД азаматтық  қорғаныс майоры Медет Мұқанов: - Өткен жылы Зеленов ауданында  табиғи және техногенді барлығы 15 төтенше жағдайлар тіркелген. Ал, ұзын саны 125 болған «қызыл әтештің» салдарынан бір адам қаза тапқан, -деді өз сөзінде. Сондай-ақ, табиғат апаттарын алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, Деркөл, Шаған секілді өзендерінің күй-жайы жөнінде көпшілікті құлақтандырды.

Жиын соңында қардың қалыңдығы, су айдындарында мұздың орташа қалыңдығы, жердің қату тереңдігін ұдайы бақылап, төтенше жағдайды болдырмау үшін бәріміз қоян-қолтық жұмыс атқаруымыз тиістігі айтылды.

Айта кетейік, таяуда  облыс әкімдігінде де облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысы өткен болатын. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиынға онлаин режимде аудан әкімдері қатысты. Жиында төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында өткен жылы облыста атқарылған жұмыстар, ағымдағы жылдың  жоспарлары сынды  мәселелер қаралды.

www.zhaikpress.kz

Самал  ЖАМЕТ

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале