14.10.2016, 19:17
Оқылды: 31

«Зенитке» - 75 жыл!

akim-zenit  Жұма күні ««Зенит» Орал зауыты» АҚ өзінің 75 жылдығын тойлады. Зауыт жанындағы Мәдениет сарайында өткен мерейтойға зауыт басшылығы мен жұмысшылары, еңбек ардагерлері, кәсіпорынның серіктес компанияларының жетекшілері, облыс әкімдігінің өкілдері мен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және демография жөніндегі комиссия мүшесі Елена Тарасенко  қатысты.


  Салтанатты шараға келгендер ең алдымен зауыт өнімдерінің эскиздері қойылған көрмемен танысты. Содан кейін мерейтой басталып, зауыт ұжымы мен қонақтар кәсіпорын жөніндегі бейнебаянды тамашалады.

   Бұдан соң ««Зенит» Орал зауыты» АҚ бас директоры Вячеслав Валиев сөйлеп, кәсіпорынның жетістіктері жайлы баяндады.

   -Зауыт сонау сұрапыл соғыс жылдары қоршауда қалған Ленинград қаласынан Қазақстанға көшірілген. 1941 жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын еліміздің қорғаныс қызметіне қажетті құрал–жабдықтар мен газ-мұнай және ауылшаруашылығына арналған жабдықтарды жасап шығаруда. Ұлы Отан соғысы жылдарында зауыт Кеңес Әскері мен Әскери Теңіз Флотын қажетті жабдықтармен үздіксіз қамтамасыз еткені үшін І дәрежелі Ұлы Отан Соғысы орденімен марапатталды. Зауыттың инженер мамандары мен жұмысшыларының біліктілігінің және кәсіпорынның қуаттылығының арқасында компания соңғы жылдары азаматтық мақсаттағы өнімдермен қатар Әскери Теңіз қызметіне арналған арнайы техникаларды да шығара бастады. Кәсіпорын ҚР Қауіпсіздік Комитеті Шекарашылар қызметінің тапсырысымен Тәуелсіздік жылдары 25 дана кеме жасап шығарды, -деген Вячеслав Хамзиевич осындай үлкен жетістіктерге қол жеткізген ұжымына ризашылығын білдіріп, әріптестеріне алғысын айтты.

   Зауыт басшысынан кейін сөйлеген облыс әкімі Алтай Көлгінов кәсіпорын ұжымын 75 жылдық мерейтойларымен құттықтады.

    -Құрметті ««Зенит» Орал зауыты» АҚ ұжымы! Кәсіпорынның 75 жылдық мерейтойы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа тұс келуде. Бұл зауыттың еліміздің Қорғаныс саласына қосқан үлесі зор. Жыл сайын бір кеме жасап шығарып отырған зауыт биыл 25-ші кемесін даярлап, егемен елімізге үлкен сыйлық жасады. Сонау тоқырау жылдарында қиыншылықтар туындап, тоқтап қала жаздаған зауыттың қайта жандануына  Елбасымыздың ықпалы көп болды. Ол кісі елге пайдалы зауытты әрқашан назарында ұстап, үлкен қолдау көрсетіп отырды. Нәтижесінде ««Зенит» Орал зауыты» АҚ еліміздегі кеме жасау ісімен айналысатын үлкен кәсіпорынға айналды. Бүгінде осы зауыттан шыққан «Барс КМ» жобасының зымыранды артиллериялық кемесі, «Диверсияға қарсы катер», «Көп атқарымды» әмбебап кемесі ел қорғанысы қызметінде кеңінен пайдаланылуда. Ел игілігіне 75 жыл бойы үздіксіз қызмет етіп келе жатқан кәсіпорынның өндіріс көлемі соңғы кездері екі есеге дейін артты. Алдағы уақытта зауыт өндіріс көлемін бұдан да арттырып, су сиымдылығы 700 тоннаға дейін жететін алып кемелерді жасауды жоспарлап отыр. Өнімді еңбектің нәтижесінде кәсіпорын мемлекет бюджетін молайтып, үздік салық төлеуші мекеме атанды. Серіктестік үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын ретінде республикалық «Парыз» атты байқауға жыл сайын қатысады. 2003 жылы аталмыш байқаудың қорытындысы бойынша ««Зенит» Орал зауыты» АҚ республика бойынша «Үздік ұжымдық келісімшарт» аталымын жеңіп алды. Бұл кәсіпорында еңбек заңдылығының жақсы сақталатынын көрсетеді. Қазіргі таңда кәсіпорын мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Мұндағы берекелі тірліктің негізін қалаған осы зауыттың алғашқы басшысы Петр Атоянды қашан да есімізде ұстап, оның есімін құрмет тұтуымыз керек. Осы кәсіпорында 56 жыл бойына еңбек еткен П.Атоян  мұнда еңбек династиясын қалыптастырып кетті. Сондай еңбекқор жандардың ісін жалғастырып жүрген Вячеслав Валиевке және ұжымға мықты денсаулық пен толағай табыс тілеймін, -деген өңір басшысы кәсіпорын ұжымына ризашылығын білдіріп, бірқатар еңбек озатын облыс әкімдігінің алғысхатымен марапаттады.

Салтанатты кеш мерейтой иелеріне арналған концерттік бағдарламаға ұласты.

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале