21.02.2015, 18:23
Оқылды: 24

Имамдардың тұңғыш форумы


Астанада 19 ақпан күні тұңғыш рет «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» тақырыбында І республикалық имамдар форумы өтті. ҚР Президенті Н.Назарбаев форумға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатында аталмыш форум діндегі тұрақтылықты сақтауда, имамдардың беделін көтеруде, муфтияттың жұмысын дамытуға тың серпін беретінін айта келіп, дін саласындағы өзекті мәселелерді шешу мен жас ұрпақты теріс ағымдардан қорғауда имамдардан белсенділік күтетінін айтты.


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен форумға еліміз бойынша 500-ге жуық өкіл имамдар мен аудан, ауыл молдалары, сонымен қатар Ресей және алысжақын шетелдегі мүфтияттардың имамдары, православтық шіркеулердің, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері және белгілі қоғам  қайраткерлері  қатысты.

Форумда бас мүфти Ержан Малғажыұлы ҚМДБ-ның осы күнге дейінгі және болашақта атқарар жұмыстары туралы айтып, ислам дінінің бейбітшілік пен келісімді қолдайтынына баса назар аударды. Форумда «ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі қызметін дамыту тұжырымдамасы», «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «ҚМДБ қызметкерлерінің этикасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Шынайы мұсылманның тұлғалық бейнесі» туралы аса құнды құжаттар қабылданды.

 


Дәулеткерей  ҚҰСАЙЫНОВ:

БҚО  мәдениет-мұрағаттар  және

құжаттама  басқармасының  басшысы:

– Имамдардың тұңғыш форумы, ҚМДБ-ның қабылдаған құнды құжаттары дәстүрлі ислам құндылықтарын сақтап, елдегі діни ахуалға тікелей әсер етіп, мұсылмандарды бір қолдан жең, бір жағадан бас шығаруға жеткізсін деген ақ тілектеміз. Қоғамда бүлік тудырып отырған діни экстремизмге көз жұмып қарауға болмайды. Кейбір жастардың ұлттық тамырынан ажырап, діни құндылықтарымызды жоққа шығарып, отбасын аяқ асты етіп, ата-баба салған  салт-дәстүрден  аттап,  теріс  ағымға  бой  ұрғаны  –  орны  толмас  өкініш.

Имамдардың басқосуынан үлкен үміт күтеміз. Жас ұрпақты бесіктен бастап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, өле-өлгенше ата-ананы сыйлауға, дәстүрлі ислам құндылықтарынан аттамауға тәрбиелеуіміз қажет. Бұл бағытта балабақша, мектеп, мешіттермен бірлескен жұмыс жүргізу үшін ҚМДБ жұмыс деңгейін әлі де көтеру қажет. Діни қызметкерлердің беделі мен мәртебесін арттыру,  халықтың сенімі мен мойындауына қол жеткізу арқылы жастардың дәстүрлі исламнан ауытқу процесін  тоқтатуға  болады  деп  ойлаймын.


 

 


Мақсат  РОМАНҚҰЛОВ,

БҚО  дін  істері  басқармасының

бас  маманы,  теолог: 

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан республикалық имамдар форумы – заман талабынан туған қажеттілік. Себебі бүгінгі таңда елімізде діни ахуал аса күрделі. Кейбір топтар дәстүрлі дінімізге қайшы келетін ұстанымдарды халық арасына таратып, елді, жастарды шатастыруда. Олар өз идеологияларын қазіргі заманның барлық жетістіктерін пайдалана отырып таратуда. Ал форумда діни басқарма тарапынан бекітілген «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Шынайы мұсылманның тұлғалық келбеті», «Имамның тұлғалық бейнесі» және «Дін қызметкерінің қызметтік этикасы» сияқты маңызды құжаттар талқыланды. Әрине, бұл құжаттар имамдарға үлкен жауапкершілік артатыны белгілі. Қазіргідей күрделі жағдайда барлығы бірігіп күресетін болса, біздің халқымыздың діни сауаты артып, еліміздің  рухани  жағдайы  жақсарады  деп  сеніммен  айтуға  болады.


 

 


Рита  СҰЛТАНҒАЛИЕВА,

М. Өтемісов  атындағы  БҚМУ  доценті:

– Имамдардың тұңғыш форумын теледидардан көріп, онда көтерілген мәселелердің өзектілігіне, уақыт күттірмейтін жұмыстардың қолға алынғанына қуанып қалдық. Форумда бүгінгі қоғамға өте қажетті, маңызды құжаттар қабылданды. Бұл имамдарға бір серпіліс берді деп ойлаймын. Қоғамда имамдарға деген көзқарас әр түрлі. Оларға мешітте отыратын, Құран оқитын, жаназа шығаратын адам ретінде ғана қарайды. Имам – қоғамның белді мүшесі. Себебі әр елде болып жатқан діни қақтығыстар адамдардың дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кетуінен болып жатқаны жасырын емес. Ал оларды тура жолға бағыттауда имамдар белсенді қызмет атқаруы тиіс. Сондықтан да имамдар білімді, білікті, сауатты, заманауи технологияларды меңгергендігін көрсетіп, өздерін жан-жақты дамытқан тұлға ретінде қалыптастыру керек. Қабылданған құжаттардың маңыздылығы да осында деп білемін. Шынайы мұсылманның, имамдардың тұлғалық келбеті,  қызметтік этикасын қалыптастыру – маңызды қадам. Өйткені имамның беделі – ол исламның  беделі.  Имамға  деген  көзқарас – ол Исламға  деген  көзқарас.


 

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале