7.10.2016, 16:38
Оқылды: 43

Инновацияға құштар жастар «ЭКСПО-2017»-ге қатысады

%d0%b8%d0%bd%d0%bd%d0%be%d0%b2%d0%b0%d1%86%d0%b8%d1%8f%d2%93%d0%b0-%d2%9b%d2%b1%d1%88%d1%82%d0%b0%d1%80-%d0%b6%d0%b0%d1%81%d1%82%d0%b0%d1%80-%d1%8d%d0%ba%d1%81%d0%bf%d0%be-2017-%d0%b3  Оралдағы «Алгоритм» технопаркі» ЖШС облыстық білім беру басқармасының қатысуымен оқушылар мен студенттер арасында өткізілген инновациялық жобалар «INNOVA-2016» байқауының қорытындысы шығарылды.

Жылда өткізілетін бұл байқаудың басты мақсаты – инновациялық дамуға құштар шәкірттер мен жастарды анықтау, оларды ғылыми, техникалық мамандықтарға бағыттау, жаңа жобаларды одан әрі дамытуға жөн сілтеу. Байқаудың бас демеушісі - мұнайгаз саласына сервистік қызмет көрсететін «RT-Alliance» ЖШС компаниясы.


Жиынды ашқан облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Ниетқалиевтің  айтуынша, индустриалдық-инновациялық даму саласындағы мұндай байқауды өткізудің маңызы зор. «Бізге еліміздің  тұрғындарының өмір сапасын жақсартатын жаңа озық жобалар қажет. Осы байқауда қызықты жобалар іріктеліп алынып, «ЭКСПО-2017» көрмесінің павильонына өңірімізден ұсынылатын жобалар қатарын толықтыратын болады. Қазірдің өзінде ондай жобалардың саны 40-қа жуық», - деді ол.

-Байқаудың 1-кезеңі қыркүйек айының 5-28 күндері аралығында өткізіліп, онда қатысушылардың жобалары іріктеліп алынған.  Байқауға 31 жоба түссе, соның 17-сі мектеп оқушыларының, 14-і студенттердің жұмысы. Оқушылар жобаларының жартысына жуығы Назарбаев зияткерлік мектебінен, ал аудандардың белсенділігі төмен. Жобалар жаратылыстану, инженерлік ғылымдар, мұнайгаз саласы, робототехника, IT-технологиясы бағыттарын қамтиды, - деді аталмыш технопарктің бөлім басшысы Павел Проскурин.

Радиоқабылдағыштың көмегімен қоршаған ортаны таза ұстауға шақыратын, өзі де жолында кездескен қоқыс қалдықтарын жинайтын роботы «Тукс универсал» деп аталатын жобасымен байқауға қатысушы Тасқала ауданынан Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Темірлан Маулен. «Мектебімізде робототехника сабағына балалардың ынтасы күшті. Бір топ оқушым радиациялық қоқыс жинайтын робот жобасымен Астанаға,  Индияда өтетін халықарлық байқауға қатысу үшін іріктеуден өтуге кетті», -деді Темірланның ұстазы Бақытжан Мауленов.

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ұсынған «Әмбебап үй» жобасындағы үйдің ерекшелігі қажет кезінде үйдің ауданын екі есеге дейін ұлғайтуға болады. «Құрылымы жылжымалы, рельстің үстіне орнатылады. Қыста үйдің қабырғалары жинақталып, қалыңдай түседі, сондықтан жылы болмақ»,- деді үй макетімен таныстырған 10 сынып оқушылары  Тайыр Мырзағалиев пен Әлихан Шәріпов.

Байқау қорытындысы бойынша «Үздік студенттік инновациялық жоба» аталымы бойынша Жәңгірхан атындағы БҚАТУ-дың студенті Ольга Плахотнюктің «Керамзит өндірісі технологиясын жетілдіру» жобасы 1-орын (50 мың теңге), ҚИИТУ студенті Диана Құрманбекованың «Су балдырларының негізінде биостимуляторлар алу» жобасы 2-орын (30 мың теңге), БҚАТУ-лық Сенім Қадырова мен Әлия Талғатованың «3 д принтері үлгілерінде басылым өнімділігін арттыру» жобасы 3-орын (20 мың теңге) алды.

Ал мектеп оқушылары арасынан Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері Талғат Молдашев пен Мерхан Мерғалиевтің атмосфералық ауадан электр қуатын алу қондырғысы жобасы 1-орын, №42 «Ак ниет» гимназиясының оқушысы Әлихан Таласбаевтың «Экзоскелет» жобасы 2-орын, №8 дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектептен қатысушы Әбілхан Әділбеков «Ақ Жайықтың інжу-маржаны» жобасымен 3-орын алды және оларға сәйкесінше ақшалай сыйлықтар берілді.

Байқау жеңімпаздарына дипломдар, сертификаттар және 10 шақты қатысушыға ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале