18.04.2016, 19:41
Оқылды: 21

Италиямен байланыс аясы кеңімек

akim italiaБүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов Италияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньянды қабылдады.


-Құрметті Стефано Раваньян мырза, Батыс Қазақстан облысына қош келдіңіз! Сіздің өңірімізге келгеніңізге біз қуаныштымыз. Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттерінің бірі – өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсарту, яғни келуге ниет білдірген инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Біз бұл бағытта барынша еңбектеніп жатырмыз. Елімізде жұмыс істеп жатқан италиялық компания көп. Солардың біразы біздің облысымызда. Нақтылап айтсам, италиялық кәсіпкерлердің қатысуымен өңірімізде 26 кәсіпорын жұмыс істеуде. Өз тарапымыздан оларға қолдау білдіруге қашан да дайынбыз,-деді Алтай Сейдірұлы.
Өз кезегінде италиялық елші облыс басшылығының құрметіне, қабылдауына байланысты өз ризашылығын білдірді. «Италиялықтар Қазақстандағы кен орындарын игеруге өз үлестерін қосуда,-деді Стефано Раваньян.-Өткен аптада Атырау облысында, Қашаған кен орында болдым. Бүгін Қарашығанақ кешіндегі жұмыстармен таныстым.
Сондай-ақ Ақсай индустриалды паркінде кәсіби оқыту орталығының ашылу салтанатына қатыстым. Барлық жердегі жұмыстарға көңілім толды. Біріккен жобалар сәтті жүзеге асып жатқанына куә болдым».
Әкімнің қабылдауынан шыққаннан кейін елші жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, онда өңір басшысымен экономикалық бағытта ғана емес, білім және мәдениет салалары бойынша да келісімге келгенін айтты. Мәселен, жуық арада италияндық және батысқазақстандық университетердің өзара байланысын дамыту, Оралда италиялық өнерпаздардың қатысуымен түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл екі елдің, соның Италияның Қазақстан өңірлерімен арасындағы байланыс аясын одан сайын кеңіте түсері анық.

www.zhaikpress.kz

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале