20.04.2016, 17:26
Оқылды: 34

Кариясы бар үйдің қазынасы бар

IID Ardagerlerge bardi     Жастардың бойына   халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлау, өз ата – бабасын ұмытпай сақтау мақсатында Орал қалалық ішкі істер басқармасының кадр жұмысы бөлімі мен басқармадағы қалалық ардагерлер кеңесі бірлесе жұмыстанып келеді.


     Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция подполковнигі Мұрат Куловтың бастамасымен кадр жұмысы бөлімінің аға инспекторы полиция майоры Нұржан Батанов кеңес мүшелерінің үйіне барып, біріне естелік кітаптар, енді біріне ақшалай сыйақы тапсырып, хал-қуаттарын сұрап, жәйлі дастархан басында шүйіркелесіп қайтты. Мұрат аға мен Нұржан ең әуелі Орал қаласындағы Мұхит көшесі 128/1-үйде тұратын Жаналиева Ақылбек есімді қария әжейдің үйіне барды. Ардагер Ақылбек ананың жары Батыр Жаналиев қазір бұл өмірде жоқ. Бақилық болған. 1926 жылы дүниеге келген Батыр Күзенұлы Ұлы Отан соғысының ардагері. Бір кісідей қиындық көріп, майдан даласындағы кескілескен ұрысқа қатысып, еліне аман оралған солдат. Ішкі қызмет подполковнигі  шенімен зейнеткерлікке шыққан жан.  Ұзақ жыл РУ 170/1 түзету мекемесінде аға кезекші болып, қызметін мінсіз атқарған. Еңбек өтілінің соңғы жылдарында арнайы комендатура бастығы лауазымымен зейнет жасына жеткен, өзінен кейін қызметке қабылданған жастарға тәлімгер бола білген қызметкер еді. Көзі тірі болмаса да, жолдасы Ақылбек ана отбасының қасында ұрпағын өрбітіп, ардақты тұлға әрі нар тұлғалы ата болған  Батыр Күзенұлының берекелі ісі мен тыңғылықты ойын, телегей теңіз терең ақылын жас буынға баяндап келеді.

«Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ауыл қарттарының орны ерекше.  Әр халықтың бойында ықылым заманнан бері қалыптасып оны өзгелерден даралап тұратын, тек өзіне ғана тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу. Қазақ қарты жасына лайық ауызы дуалы болды. «Сәуір болмай, тәуір болмас»  демекші, жер аяғы кеңіп кебе бастағанда  ардагерлердің үйіне баруды жөн санадық»,- дейді милиция подполковнигі Мұрат Бисенғалиұлы.

     «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» деген қағиданы ұстанған Мұрат ағаның келесі алған бағыты қаланың орталығындағы «Карева» көшесінің №72-үй тұрғыны  Виктор Боронковтың үйі болды. 1943-жылы дүниеге келген 73 жасты алқымдаған Виктор Георгиевичтің денсаулығын, қуатын сұраған Мұрат аға оған ардагерлер кеңесінің атынан ақшалай сыйақы тапсырды. Милиция прапорщигі Виктор Георгиевич Орал қаласының ішкі істер бөлімінде кинолог болып қызмет атқарып, біраз қылмыстың ашылуына себепкер болған екен. 1988-жылы зейнеткерлікке шықты.

     Милиция подполковнигі, кеңес төрағасы Мұрат Бисенғалиұлы мен полиция майоры  Нұржан Батанов  аяқтай  мекен-жайларына  барып, амандығын біліп қайтқан екі қарияны басқармада ұйымдастырылып өткізілетін 1 және 9 мамыр мерекелері қарсаңындағы шараларға шақырып қайтты.

www.zhaikpress.kz

Гүламан Исмагулова

Орал қаласы ІІБ баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале