15.09.2016, 16:27
Оқылды: 449

«Келін қайын ененің топырағынан...»

janibek-kelin  Жәнібек колледжінің студент қыздары арасында аудандық  орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Алмагүл  Уәлиеваның  ұйымдастыруымен «Келін қайын ененің топырағынан...» атты пікір алмасу кеші  оздырылды.


«Отан отбасынан басталады»-дейді халық. Отбасының екі тірегі – әлпештеген әке мен аялаған ана. Олардан өрбіген ұрпақтың жарасымдылығы қоғам өмірінде зор маңыз атқармақ. Ал, «келін ененің топырағынан», «жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап», «келелі сөзді келін де айтады» деп нақылдаған дана қазақ келін мен ененің өз орнын әлдеқашан айғақтап берген.

      Отбасындағы ең әлсіз әрі нәзік тұс – ене мен келін қарым-қатынасы.   Ене – отағасын дүниеге әкеліп, жеткізген жан, келін –  балалардың анасы. Үш тарап үшін де ең көркем амал – отбасындағы татулық пен мамыражайлықты ұстап тұру.  Сондықтан да осы отбасы мерекесі аясында ертеңгі ана немесе бір отбасының жас келіні, бүгінгі жас қыздардыадами  жақсы қасиеттерге  баулу мақсатында тағылымды шара ұйымдастырып отырмыз», - деген Алмагүл Амангелдіқызы жуырда өткен облыстық «Жас келіндер» байқауына қатысып, гран-при жүлдесіне ие болған Боранбаевтар әулетінің  келіні Перизат пен отбасының анасы, сүйікті әжесі Айжан Оразғалиқызын кеш қонағы ретінде сахна төріне шақырды.

Жаратылысының бақытты өмір сүруінің  кілтін білетін Жаратушының діні мен қайнар көзін асыл дінімізден алатын ата дәстүрімізде барлық қиындықтардың шешу жолы көрсетілген. Негізінде, қазақтың дәстүрлі отбасында ене мен келін арасындағы қарым-қатынастаешқандай қиындық болған емес. Халқымызда  жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал және ар дауы дегендер болды, алайда, ене мен келін дауы дегенді естімедік. Ене мен келінге Төле би төрелік айтып, Қазыбек би қиындықты шешіпті деген дерек жоқ. Екі арадағы келіспеушіліктер туралы ешбір шешендік сөз, мақал-мәтел кездеспейді. Осы орайда  ене мен келін институты ықылым замандардан ұрпақ сабақтастығы арқылы жетіп отырғанын дәйектеген жүргізушіден соң студент қыздар ене мен келіннің ортасында жақсы қарым-қатынас болуы үшін қажетті шарттар менкеліннің тарапынан атқарылуы тиіс амалдарды оқып берді.

    Кештің  қонақтары  Айжан Оразғалиқызы мен Перизат Смағұлова отбасының алтын діңгегі болып табылатын  ана мен келін арасындағы қарым-қатынас, олардың өз ортасындағы міндеті мен әдебі, ұрпақ тәрбиесіндегі парызы хақында келелі ой өрбітіп, өз тәжірибелерінен мысалдар келтіре отырып, қыздардың тарапынан берілген сауалдарға жауап, кеңес берді.Перизат Ақұштап Бақтыгерееваның «Сіңліге сыр» өлеңін оқып берді.

Кеш барысында  колледж студенті Толғанай Сапанова «Ана туралы жыр», Нұргүл Қуанова мен Альбина Кенжеғалиева «Іңкәрім-ай» әндерін орындады. Аталмыш білім ордасының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самал Бейімбетқызы өз кезегінде осындай тағылымды шараны ұйымдастырушы мен құрметті қонақтарға алғыс айтып, алдағы уақытта да қыз бала тәрбиесіне қатысты кештердің көптеп оздырылуы қажеттігіне тоқталды. Кітапханашы Сайран Бауыржанқызы  отбасы құндылығын насихаттайтын қазақ ақын-жазушыларының шығармалары топтастырылған кітап көрмесімен таныстырса, Алмагүл Амангелдіқызы алаш қыздарының мәртебесін асқақтатар жыр арнаған Қалқаман Сариннің туындысын оқып берді.

 

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале