21.10.2016, 11:31
Оқылды: 18

Кентау Назарбек чапаевтықтарға зор қуаныш сыйлады

????????????????????????????????????

   Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне Ақжайық ауданның орталығы – Чапаев жұртына жер жаннаты – Шығыс Қазақстан облысындағы Абай ауданының түлегі әнші, композитор, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының профессоры Кентау Назарбек «Қазақ елім – байтағым!» атты шығармашылық кешін сыйлады.


         Талай өнер бәйгесінде маңдайы жарқыраған Кентау Назарбек Абай, Шәкәрім салған ұлттық, классикалық музыка өнеріндегі дәстүрді жалғастырушы екенін бұл жолы да әйгілеп, ел сүйсінген патриоттық әндерін әуелетті. Оның ұлттық бояуы қанық әндерін бұл кеште Жаңылсын Хасанова, Майра Хайдарова, Жасұлан Мұсағали, Асланбек Қуаналиев, Айым Шекеева, Дархан Құлбабаев, Әсел Бақберген сынды жұртымызға танымал әншілер орындады.

         Өзінің «Асыл ана», сондай-ақ Қадыр Мырза Әлінің «Маған түк те керегі жоқ сенсеңіз», Фариза Оңғарсынованың «Ағаларым», Мұқағали Мақатевтың «Оралыңдар» әндерін де әуелеткен К.Назарбекке көрермендер қошеметпен қол соқты. Кеште Батыс Қазақстан облысына алғаш ат басын бұрған сазгердің Әсем Ережеқызының сөзіне жазылған «Қазағымның Оралы» атты әнінің тұсауы кесілді. Аудан әкімі Әділ Жоламановтың атынан мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы  Гүлбану Құлмұқанова өнерімен өрге жүзген саңлаққа Алғыс хат тапсырды.

         К.Назарбек өнер сапарын басқа аудандарда жалғастыруда.

Бибіжан НҰРПЕЙІСОВА

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале