14.07.2016, 17:13
Оқылды: 33

Кеңесте үш мәселе қаралды

dom drujby       Достық үйінде облыстық ассамблеяның қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтті.

         Жиын барысында үш мәселе қаралды. Оның алғашқысы, яғни облыстағы діни ахуал турасында облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметов баяндады. Оның айтуынша, өңірімізде дәстүрлі емес ислам бағытындағы діни радикализм мен экстремизмнің айқын көріністері байқалуда.


   Оған интернет желісі арқылы жастар арасында теріс дінге шақыратын ақпараттардың кеңінен таратылуы, баланың дінге қызығушылығын байқаған ата-ананың дер кезінде алдын алу шараларын кіріспеуі, яғни құзыретті мемлекеттік мекемелер мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жолықпауы өз әсерін тигізуде. Осы мәселелерді шешу үшін қажет іс-шаралар алынуда. Нақтылап айтқанда, облыс әкімдігі жанынан құрылған терроризмге қарсы күрес комиссиясы арқылы діни жағдайды реттеу бағытында жұмыстары жүргізілуде. ҚМДБ арқылы мешіттерде және БАҚ-та (соның ішінде интернетте) тиісті мәліметтер жариялануда. Теріс жолға түсудің алдын алу мақсатында ақпараттық-әдістемелік құралдар, кітаптар шығарылып, таратылуда.

         Екінші мәселе – жер реформасын түсіндіру бойынша сөз алған облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұхамбетжанованың айтуына қарағанда, өңірімізде бұл бағытта 14 ақпараттық-түсіндіру тобы жасақталған. Топ құрамында елге, өңірімізге танымал тұлғалар, ауыл шаруашылығы саласының сарапшылары бар. Күні бүгінге дейін реформаны түсіндіру мақсатында 639 шара өтті. 4 мамырдан бері қоғамдық кеңестің 91 отырысы болса, оның бесеуі облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде республикалық комиссияға 20 ұсыныс жолданды. Сонымен қатар 23 мамырдан бастап облыс әкімі мен оның орынбасарлары аталмыш реформаға орай аптасына үш рет қоғамдық қабылдау өткізіп келеді. Мұндай қабылдауларды Орал қаласының, аудандар мен ауылдардың әкімдері де жүргізуде.

         Үштілді білім жүйесі турасында баяндаған облыстық білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Зәуре Ғұмарованың айтуынша, бүгінгі таңда өңіріміздегі 193 балабақша мен 189 шағын орталықтағы 19770 бала ағылшын тілін оқуда. 2020 жылға дейін облыстағы 39 мектепке жаратылыстану-математика пәндері бойынша үштілді білім жүйесін енгізу графигі жасалды. Қазіргі уақытта 42 маман аталмыш пәндер бойынша үштілде сабақ беруде. Бүгінгі таңда пән мұғалімдері мен оқушылар үшін тілдік курстар, онлайн сабақтар мен консультациялар ұйымдастырылуда.

         Жиын соңында күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты тиісті шешім қабылданды.

www.zhaikpress.kz

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале