10.06.2015, 16:46
Оқылды: 68

Колледж түлектерімен кездесу

DSC_0085Кәсіптік-техникалық білім беру саласында облысымызда іргелі білім ұялары әрине, аз емес. Ал жыл сайын колледж, лицейлерді тәмамдаған түлектер қайда қызметке орналасуда? Олардың өз мамандығына сай жұмыс табуға мүмкіндігі қандай? Осы сұрақтар оқытушыларды, ата-ана және мамандық иелерін  алаңдататыны сөзсіз.

Ақжайық аудандық ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Ақжайық аграрлық-техникалық колледжде өткен кездесуде осы мәселелер жан-жақты талқыланды. Осында облыстық ресурстық орталығынан жастармен жұмыс бөлімінің кеңесшісі Лаура Есқалиева, консультациялық қызмет көрсету бөлімінің кеңесшісі Гүлшат Баймұратова, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Әлия Шәрапиева, «Ақжайық өрендері» жастар қоғамдық бірлестігі төрағасы Біржан Кухаев оқытушылармен, студенттермен ой бөлісті.

2015 жылы ресурстық орталық арқылы 92 жас тұрақты жұмысқа орналасқан, 779 қыз-жігітке заңгерлік, өзге де кеңестер берілген, облыс бойынша  жастармен 682 түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырылған.

Жалпы, биыл Ақжайық аграрлық техникалық колледжін экономист –бухгалтер, тамақ өндіру өнеркәсібі жөніндегі технолог-менеджер, дәнекерлеуші, ауылшаруашылық өндірісіндегі тракторшы- машинист, ЭЕМ операторы сынды өндіріс, кәсіпорындарға қажет мамандықтар бойынша 106 студент тәмамдамақшы. Жыл сайын республикалық ғылыми-әдістемелік орталық өткізетін біліктілік емтиханында 95 пайыздан жоғары білім нәтижесін көрсететін түлектер биыл 96,6 пайыз білім сапасына қол жеткізді. Былтырғы 94 түлектің қазір 45-і тұрақты жұмыспен қамтылған. 14-і жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруда, 23-і әскер қатарына алынған.

Жүздесуден соң облыстық және аудандық ресурстық орталық мамандары бірлесіп қабылдаулар жүргізді. Қабылдауға 25 жас жұмысқа орналасуға қатысты сұрақтарымен келді.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале