21.11.2016, 18:03
Оқылды: 42

«Конституция – Қазақстан халқы бірлігінің кепілі»

15128710_10207773938718850_1700564735_n   Орал қаласында Достық үйінің мәжіліс залында  «Конституция – Қазақстан халқы бірлігінің кепілі» атты дөңгелек үстел өтті.

     Бұл шараны Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық бөлімшесі мен облыстық сот қызметкерлері бірлесіп ұйымдастырды. Аталмыш жиынға облыстық және қалалық әкімдіктердің, құқық қорғау органдарының, облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық Әділет департаментінің өкілдері және медиаторлар қатысты.


    Жиынды жүргізген облыстық соттың қылмыстық істер бойынша сот коллегиясының төрағасы Мейрамбек Нағашыбаев бүгінгі шараның ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналғанын айтып, осы жылдар ішінде сот жүйесіне көптеген өзгерістер енгізілгені жөнінде әңгімеледі. Бұдан соң сөйлеген облыстық соттың судьясы  Есенбай Борамбаев Ата Заңымыздың тарихына шолу жасап, ел Конституциясының ең ашық, ең әділ заң екенін атап көрсетті. Оның сөзінше, Ата Заңымыз ұлтына, жасына, дініне, діліне қарамастан, әр адамның азаматтық құқын қорғайды. Конституция, ең алдымен халықтың тыныш өмірі үшін, ел қауіпсіздігін сақтау үшін қажет. Ол, сондай-ақ, өз сөзінде медиация туралы заңға тереңірек тоқталып, медиация тәсілін дамыту жөнінде облыс әкімдігі мен облыстық сот арасында меморандумға қол қойылғанын жеткізді. Судьяның айтуынша, осындай жұмыстардың нәтижесінде тұрғындар арасындағы уақ-түйек дау-дамайлар бейбіт шешімін тауып, азаматтық істер санының азаюына едәуір септігін тигізген.

    Судьяның сөзін облыс әкімдігі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ихсанова жалғастырды.

    -Былтыр Ата Заңымызға және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 толуын ел болып атап өттік.  Осы уақыт ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ел ішіндегі ынтымақтастықты арттырып, бірлігімізді, біртұтастығымызды сақтау бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырды. Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған қоғамдық кеңестер мен Аналар және Ақсақалдар кеңесі түрлі ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық қарым-қатынасты насихаттап,   тұрақтылықты сақтау ісіне үлкен үлес қосуда. Бүгін ел тәуелсіздігіне арналған осындай тақырыптағы шаралар ел бойынша кеңінен өткізілуде. Біз мұндай шараларды жиі ұйымдастыра отырып, бірліктің, ынтымақтастықтың, тыныштықтың қандай қымбат екенін халыққа қарапайым тілмен жеткізуіміз керек. Бүгінгі шара да осы мақсатта өткізіліп отыр, -деген Жамал Сағынғалиқызы қайырымдылық пен медиация және қоғамдық бақылау мәселесінің қашан да «Қоғамдық келісім» КММ-ның басты назарында екенін айтты. Оның сөзінше, осы үш бағытта атқарылған жұмыстың барлығы да ел арасындағы тыныштық пен тұрақтылықтың сақталуына үлкен ықпал етпек.

    Шара барысында мамандар ҚР Конституциясындағы азаматтардың құқығы мен еркіндігі жөнінде де әңгімеледі. Жиында қатысушылар тарапынан баяндмашыларға көптеген сұрақтар қойылып, оған тиісті жауаптар қайтарылды.

 Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале