18.07.2015, 18:23
Оқылды: 33

КӘРІС МЕДИЦИНАСЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ - ОРАЛДА

QQsVmAOfm-wБатыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасында Оңтүстік Кореядан келген Сеул Ұлттық Медициналық Университетінің атақты профессоры Кванг Унг Лимен кездесу өтті.

Атағы әлемге әйгілі профессордың біздің өңірге келуі айтарлықтай оқиға, - деді мәртебелі мейманды аурухана ұжымына таныстырған Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов.

Профессор Ли - бауыр алмастыру саласындағы атақты хирург. Отаның бұл түрі әлемнің 93 елінде жасалады. Алайда солардың ішінде Корея алдыңғы орында. Бұл саладағы отаның 23 пайызы осы елде жасалады екен. Тіпті Сингапурдың өзінде бауыр алмастыру отасы екі есе аз жасалады. Корей медицинасының қай сала бойынша да алда екендігін айтып өткен абзал. Сондықтан біздің облыстың денсаулық сақтау саласы тәжірибе алмасу мақсатында осы елдің медицина саласының майталмандарымен өзара тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бүгінгі таңда облыстың 18 дәрігері Оңтүстік Кореяның ең үздік университеттері мен медициналық орталықтарында оқып қайтқан.

BPm1pgO4REI- Біздің өзара әріптестігіміз бен тәжірибе алмасуымыз әрі қарай да жалғасын таба бермек. Бүгінгі кездесу - соның жарқын дәлелі, - деді Қамидолла Ирменов. - Әрине, 400-ден астам бауыр алмастыру отасын жасаған адам ретінде профессор Лиден үйренеріміз көп. Ол бүгін біздің дәрігерлерімізді өзіне шақырып, тәжірибелерін шыңдауды ұсынды және өз мамандарын біздің өңірге жіберу ықтималдығын да айтты. Мұның бәрі болашақтың еншісіндегі іс. Әзірге біз өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз. Қол қойылған соң аталған жұмыстарды жүзеге асыратын боламыз.

Еске сала кетейік, қазіргі таңда бауырды алмастыру отасы тек Астана қаласында ғана жүзеге асырылуда. Алайда мұндай орталықтарды өңірлерде де ашудың әлеуеті зор. Бүгінгі кездесу осы міндетті жүзеге асыру жолындағы алғашқы қадам болды десек те болады. Алдағы уақытта біздің өңірде де осы саладағы аса маңызды оталарды жасау мүмкіндігі күтіп тұрғанына сенім мол.

www.zhaikpress.kz

Айгүл Ахметова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале