1.04.2016, 11:42
Оқылды: 64

«Кім үшін? Не үшін?» немесе ашынған аналардың көз жасына кім кінәлі?

Каратагановтар-350x229      Соңғы жылдары исламды бұрмалаудың кесірінен біраз  қазақ жасы жат ағымның жетегіне түсуде. Олар ваххаббиттік идеяны қолдап, намаз оқымағаны үшін ата-ана, туыстарын «кәпір», олардың пісірген тамағын «харам» деп, қағынан жиреніп, безуде. Мұның ақыры террористік ұйым деп танылған «Ислам мемлекеті» деген жалған атпен танылған теріс ұйым құрамына қосылу үшін Сирияға кетумен аяқталуда. Көбі сол жақта өлім құшуда. Не үшін? Кім үшін? Бұл сұраққа жауап іздеген олардың ата-аналары құзырлы құрылымдарды аралап, шарқ ұруда. Олардың ұл-қыздарын кімдер теріс жолға салып жатыр? Аялап өсірген, бақытына балаған перзенттері оларға неге қайғы әкелді? Бұл сұрақтарға кім жауап береді? Ұлдары Сирияға кетіп, соғыста өлген, немерелері жат елде қалған ата-аналардың қасіретіне, көз жасына кім жауапты? Салмағы мың атан түйеге жүк болатын бұл күнәлар кімнің мойнында?


      Қазақ «Шыдамның да шегі бар» дейді. Сол шыдам таусылды. Таусылмай қайтсін, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүт беріп өсірген перзентін біреу азғырып, отбасынан, ата-ана құшағынан тартып алып жатса?! Сирияға кеткен қазақ жастарының ата-аналары ашынып, жоғарыдағы сұрақтарға жауап іздеуге шықты. Олар облыс мешіттеріне келіп, исламды бұрмалап, теріс бағытта жүргендердің жауап беруін талап етіп, адасып жүргендерді дұрыс жолға шақыруда. Солардың бірі — Айнаш Төлеева жақында облыстық мешітке келіп, жамағаттың алдында сөз сөйледі.

      Оралдық футболшы Талғат Төлеев Айнаштың жалғызы еді. Талғат грантпен түскен БҚАТУ-дағы оқуын аяқтамай, тастап кетті. Футболшы болсам деген арманын адыра қылды…

      — Жалғыз ұлым еді, — деді ана көз жасы төгіліп (суретте) — Намаз оқимын деген соң жаман нәрседен аулақ болады ғой депАйнаш ойладым. Бірақ керісінше болды, ұлым үмітімді ақтамады. Имамдардан үйренбей, теріс жолда жүргендердің ықпалына түсіп кетті. Үйленгенін сонша күтіп едім, үлкен той жасаймын деп жылдар бойы армандадым. Бірақ арманым орындалмады. Ұлым той жасауға қарсы болды. «Той жасау дұрыс емес, әзірлеген тамақты ешкім жемейді» — деді. Себебі ол менің пісірген тамағымды «харам» деп жемейтін болған. Мен оған: «Мен сені осы тамақпен өсірдім ғой» десем де, құлақ аспады. Сонда ғана мен баламның адасқанын түсіндім. Үйленген соң келін қара киім киіп, малынып жүрді, маған бетін көрсетпеді. Ұлымды жалғыз өзім өсіріп едім, ол үшін қала шетінен үй салдым, үйленген соң бірге тұрамыз, бақытты өмір сүреміз деп ойладым. Көлік алып бердім, сол бала үшін ғана өмір сүрдім. Өмірге ұл немерем келді. Бір түнде балам маған айтпастан Сирияға кетіп қалды. Төрт ай бойы іздедік, күттім, төрт айды ұйқысыз өткіздім, жүрегім жаралы, ауырады… Сосын… ол Сирияда өліпті. Ол жақта келінім мен екі немерем қалды… Ұлым не үшін өлді, кім үшін өлді? Неге?

      Көз жасы көл болған Айнаш жылап тұрып, «Балаларым, ойланыңдар, адаспаңдар! Мен мұнда сендерді баламның қателігін қайталамасын, сабақ болсын деп айту үшін өзімді-өзім сүйреп, әрең келіп тұрмын» — деді. Ел ішіне бүлік кіріп, сүттей ұйып отырған щаңырақтар ортасына түсіп, ана қасірет шегіп, бір кездері кекілі желбіреген ұлдар сақалдары сапсиып істі болып, түрмеге жабылуда. Солардың бірі түрмеден сәлем жолдапты…

«Имамнан кешірім сұраңызшы!»

     Ата-аналар мешітке жұма намазы күні, діни теріс бағытты ұстанушылардың келуіне орай келіп, жамағат алдына шығуда. Сырым ауданы — облыстағы осындай ағымдағы адамдар көп шоғырланған үш ауданның бірі. ҚР Қылмыстық кодексінің 394-бабы, 2-бөлімімен сотталған сырымдық Марат Садықовтың анасы Клара Дәулетқызы ислам атын жамылып, құқық бұзған ұлының қателігін мешіт жамағаты алдында айтты.

      — Жақында түрмеге барып шықтым, — деді Клара Дәулетқызы. – Балама: «Мешітке барып, жамағаттың алдында сөз сөйлей-мін» дедім. Балам мені қолдап: «Менің істеген қателігімді, адасқанымды айтыңызшы, бас имам Бақытжаннан кешірім сұраңызшы менің атымнан» деп сәлем айтты.

      Отбасының Марат үшін қаншама қайғы шегіп отырғанын айтқан ана жастарға ата-ананың айтқанын тыңдауға, ата-баба салған жолдан, ұлттық салт-дәстүрден айнымауға шақырды. Сырым аудандық мешітінің бас имамы Бақытжан Сабыралиевтен ұлы Марат үшін кешірім сұрады.

      Облыстық мешітте де жұма намазына жиналған жамағат алдында, соның ішінде теріс бағытта адасып жүргендерге Египеттегі әл-Азһар халықаралық ислам университетінің түлектері, облыста діни қызмет атқарып жүрген Раби Махмуд Мохамед Абделгани мен Мұратбек Қыстаубаев дәріс берді. «Халал мен харам не?» деген сұраққа жауап беріп, шетел асып, соғысқа қатысып, адам өлтіру ислам шариғатына жат екенін, ол үшін оларға тозақтың ең төменгі орны берілетінін хадистен нақты дәлел келтіріп, түсіндірді. Діни теріс ағымда жүргендердің талақ мәселесін ойыншыққа айналдырғанын, сол себепті қара киім жамылып жүрген қыздардың қолдан-қолға өтіп, қор болып жүргеніне осы Оралда болып жатқан оқиғалардан мысалдар келтірді…

Ағайынды Қаратағановтар

Каюкова     Дәрістен соң терроризм бабы бойынша сотталған ағайынды Қаратағановтардың анасы Меңдіғаным Каюпова (суретте) сөз сөйледі. Ол екі ұлының әйелдері мен сегіз баласының, өзінің де қатты қиналғандарын көзіне жас ала отырып әңгімеледі. Атышулы Ернұр Ахатовтың ісі бойынша, яғни 2012 жылы Орал қаласында жарылыстар жасауды жоспарлап, іске асырғалы жатқанда қолға түскен Ахатовтың тобында болған Қаратағановтар алты жылға сотталып, Ақмола облысының Державин қаласындағы түрмеге жіберілген еді. Жігіттердің анасы М. Каюпова етегі жасқа тола жүріп, Оралдағы құқық қорғау мекемелерін жағалап, ұлдарын Оралдың түрмесіне ауыстыруын сұраған еді. Қаратағановтар 2015 жылдың 13 желтоқсанында Орал қаласындағы РУ-170/2 еңбекпен түзету мекемесіне ауыстырылды. Біз Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы Алмас Оңаевтың қолдауымен атышулы қылмыстық топта болған Қаратағановтармен сөйлеспекші болып түрмеге бардық.

Шегініс…

      Айналайындар, өзіміздің кәдімгі қара балалар. Жатсынбай іш тартқанымнан ба екен, бірден тіл тауып, сөзіміз жарасып жүре берді. Олардың Отанына, ұлтына қарсы шыққанына, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, БҚО ішкі істер департаменті, облыстық прокуратура ғимараттарын жарып жіберуді жоспарлағанына сенгің келмейді. Бірақ бұл шындық. Ернұр Ахатов мемлекетті кәпірлер басқарып отыр деп, қоғам қайраткерлерін, зиялыларды, өнер майталмандарын кәпірлер деп, өнер кештерін өткізуді, ізгілікті үндейтін игі істерді харам деп үгіт-насихат жүргізген. Ахатовтың қылмыстық тобы 2012 жылы 4 ақпан күні қолға түсті. Топ басшысын қосқанда сегіз жігіт қылмысты деп танылып, түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылған болатын. Топ мүшелері 15 мың теңге ақша тапса, оның 5 мыңын отбасына беріп, 10 мыңды ортақ кассаға салып отырған. Жинаған ақшаны жарылыс жасауға қажетті нәрселерге ғана жұмсаған. Қаржының тең жартысы заңсыз қару-жарақ дайындауға кеткен. Топ мүшелері барлық мәліметті, соның ішінде Орал қаласында террорлық акті дайындалып жатқанын құпия ұстаған. Терроризмді және қарулы жиһадты уағыздап, осы бағыттағы басылымдарды көбейтіп, таратып, ғаламтор арқылы басқа жерлермен хабар алып отырған. Олар бір үйде бір күннен артық түнемеген, телефон нөмірін жиі ауыстырып, есімдерін жасырын ұстап, бір-бірін «Карлик», «Голова», «Мұрын» т.б. деп атаған.

      «Біз адасқанымызды түсіндік. Түрмеге облыстағы дін мамандары жиі келеді және осы мекемеде қызмет істейтін теолог Азамат Төлеповтің арқасында діни сауатымыз артып, көзіміз ашылды. Мерзімімізді өтеп шыққан соң анамызды аялап, отбасымызды асырап, балаларымызды дұрыс жолға тәрбиелейміз» дейді олар (суретте). Алтынбек 1981 жылы, Асылбек 1983 жылы Жаңақала ауданында дүниеге келген. Асылбек БҚАТУ- ды бітірген. Әкелері ерте қайтыс болып, анасы Меңдіғаным тәрбиелеп өсірген. 1987 жылы Зеленов ауданының Балаған (Жаңатаң) ауылына көшіп келген. Олардың айтуынша, топта әркімнің өз міндеті, атқарар жұмысы болған.

      — Е. Ахатовпен университетте бірге оқыдым. 2003 жылы намаз оқи бастадық. 2005 жылы Алдоңғаров Дәуренмен бір үйде кездесіп қалдым, үгіт-насихатты олар сол кезден бастады. «Дұрысы, Құран суннамен жүру, намаз оқымаған адам кәпір» — деді. «Қазақстан ислам мемлекеті емес, сондықтан дінге қарсы, бізді түбі түрмеге отырғызады» деген әңгімелерді айтып, бізді үрейлендіре бастады, — дейді Асылбек.

      Өздерінің айтуынша, Асылбек бір қалаға тұрақтамай, Алматы, Бішкек асып жүрген Е. Ахатовқа қалаға келген кезде жасырын пәтер дайындаумен және ақша жинаумен айналысқан. Олар жарылыс заттарының қалай жасалғанын, қандай екенін, блиндаждың қай жерден, қалай қазылғанын көрмеген. Алтынбек Ернұрмен үш рет қана кездесіпті. Соңғы кездесуде Ернұр 2011 жылы Ақтөбе, Атырау қаласында болған терактілер туралы әңгімелеген. «Мечта» демалыс орнына таяу, Жайықтың жағасында түнгі алаудың жарығымен бейне-ролик түсіріп, ұстазы «Халилге» жіберген. Оралда теракт жасау туралы рұқсат сұраған.

«Халил» деген кім?

 Халелабду-350x211     Қазақстанда «Халил» деген лақап есіммен белгілі Абдухалил Абдухамидұлы Абдужаппаров (суретте) Пәкістаннан келіп, еліміздің батыс өңірінде болғаны белгілі. Ол 2007 жылы Арабияға кетіп, қайта оралмаған. 1975 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында туған, ұлты өзбек. Қазақстан азаматы. Абдужаппаров 1990 жылдары Пәкістанда, Шымкенттегі Қазақ-кувейт университетінде білім алған. Шымкентте мешіт имамы болған, 2000 жылдың басында исламның радикалды бағыты – ваххабийлік жолға түседі.

      2003 жылы Атырау қаласына келіп, заңсыз тұрғызылған Рембазадағы мешіттің имамы болады. «Халил» жастарды ваххабийлік жолға тартып, «таза ислам» жолы осы» деп көрсетіп, азғырады. Мешіттің заңсыздығы прокуратурамен әшкереленіп, А. Абдужаппаров Атырау қаласына кетуге мәжбүр болады.

«Халилдің» Оралға келуі

      2004 жылы «Халил» Орал қаласына келіп, жалдамалы пәтерде тұрып, облыс жастарын ваххабийлік бағытқа салумен айналысады. Еліміздің батыс өңірінде ваххабизмнің дамуына зор ықпал еткен. Яғни жоғарыдағы аналардың көз жасының сұрауы да осы «Халилдің» мойнында деген сөз. 2006 жылы үстінен қылмыстық іс қозғалған «Халил» Сауд Арабиясына қашып кетеді. Бұдан әрі ол дәрістер жазып, оны ғаламтор арқылы таратады және еліміздің түкпір-түкпіріндегі салафилермен телефон арқылы хабарласып, бағыт беріп отырады. Соның кесірінен облыс жастары Мысырға аттанып, жасырын құжыраларда оқып, көбі халықаралық террористік ұйымдарға мүше болып кетті. Соның бірі — оралдық Нұржан Ерғарин 2013 жылы Пәкістандағы әскери базаға жарылыс заты орнатылған көлікпен барып соғылып, өзін-өзі жарды. Ал «Халилдің» шәкірті Е. Ахатовтың Орал қаласында бірнеше жерде жарылыс жасауға әрекеттенгені белгілі.

«Халил» Мединеде ұсталды

      2015 жылы желтоқсан айында «Халил» Сауд Арабиясында қолға түсті. Қасында оралдық Мақсат Мұратқалиев және Қазақстанның өзге де азаматтары болған. Бұл туралы шетелдік ақпарат көздері шулап жазды (суретте). Сауд Арабиясының билігі көші-қон заңына сәйкес әрі жиһадқа қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында елдегі шетелдіктерді тексеруге алады. Ұсталғандардың Сириядағы содырлармен тығыз байланыста болғандығы анықталған. Сөйтіп, еліміздің батыс өңірінде ваххабизмді өршіткен, жалпы Қазақстан бойынша исламның теріс ағымын насихаттап, талай қазақ шаңырағын ортасына түсірген, талай діни білімсіз, албырт жастардың Сирияда өлім құшуына себепкер болған күнәһар, әккі қылмыскер сыбайластарымен бірге темір торға қамалды. Олардың, жалпы осы жолда жүргендердің жазасы қандай?

      — Ресми мекемелердің және Қазақстан діни басқармасының рұқсатынсыз шетелге діни білім алуға кеткен жастардың экстремистік ұйымдарға тап келіп, заңға қарсы әрекеттер жасауы Таяу Шығыста да, елімізде де өте қатаң жазаланады. Мен бұл туралы теріс жолда жүрген жастарға ескерткім келеді, — дейді Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы Алмас Оңаев.

      Біз ұл-қыздары мен келіндері немерелерін алып Сирияға кетіп қалған басқа да ата-аналардың оларды елге қайтара алмай, шарқ ұрып жүргенін көріп отырмыз. Олардың түсін түстеп, есімдерін тізіп шығу бізге міндет емес. Бастысы, халықтың ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінгені және «Бұл мәселе мені айналып өтеді. Менің балаларым аман, басқалар не болса, о болсын» деп қарамай, бұл індетпен көп болып күресу. Олар дүниеге сақалымен бірге туған жоқ қой, көз алдымызда өскен, өзіміздің балалар емес пе?! Сақалды көре сала ат тоныңызды ала қашпай, оларды неге ішке тартып сөйлеспейміз? «Әй бала, бері кел, мынау не ұсқын? Мен сенің марқұм әкең мен атаңның көзін көрген адаммын. Атаң бес уақыт намазын қаза етпеген, елге сыйлы, жан баласына «әй, кәпір!» демеген адам еді» деп бастап, төңірегін қабағымен ықтыратын баяғының асыл сүйекті қарттары, өкінішке орай, бүгінде жоқ. Тәрбиенің көкесі сол еді, әттең! Сеңі сіресіп жатқан бұл түйін қалай, қашан шешіледі?! Исламды бұрмалап, адасып жүрген жастар қылмыс үстінде ұсталып, темір торға қамалғанда ғана тәубесіне келуге тиісті ме? Сұрақ сансыз. Біз ағайынды Қаратағановтармен асықпай сөйлесіп, түрмеден шыққанымызда, күн еңкейе бастапты. Олар менімен қимай қоштасқандай болды. Сол сәтте мен оларға тағы да келетінімді, апалы-інілідей болып сүт қатқан күрең шайды асықпай сораптай отырып, ұлтымыздың асыл құндылықтары туралы талай әңгіме құратынымды білдім. Бұл үшін менің оларға туыс болуымның еш қажеті жоқ. Бастысы, адам бола алсақ…

Жарас АХАНОВ,

Батыс Қазақстан облысы дін мәселелерін зерттеу мекемесінің басшысы:

      — Соңғы уақытта экстремистік көзқарасы бойынша сотталған немесе Сирияға жалған жиһад жолына кеткен азаматтардың ата-аналары тарапынан «Не үшін? Кім үшін?» деген сұрақтар туындауда. Ата-аналар ашынып, балаларымызды діни теріс жолға салушылар жазасын алуға тиіс деп отыр. Жоғарыдағы жағдайлардан зардап шеккен отбасы мүшелері мен ата-аналар біздің орталықтың бақылауында, діни-психологиялық, құқықтық көмектер алып келеді. Оларға орталықпен бірге бірнеше мекеме тарапынан да әлеуметтік көмектер көрсетілуде.

     Жалған жиһадқа кеткен және сотталған азаматтардың 67 пайызы — қала тұрғындары. Бұл нені көрсетеді? Яғни ауылдағы азаматтар дін үйренеміз деп қалаға келіп, исламды бұрмалаушылардың торына түсіп жатыр деген сөз. Ауылда тұратындардың өзі діни уағызды қалаға келіп үйреніп кетеді. Біз әлеуметтік желілер мен ғаламтор арқылы тарайтын уағыздарды қатаң бақылауға алудамыз. Кез келген діни мақала ҚР Дін істері комитетінің келісімін алынғаннан кейін ғана таратылады.

     Ел ішінде «Құқық қорғау құрылымдары мен діни бағытты реттейтін мемлекеттік мекемелер құрылса да, теріс діни идеологиялар шектелмей жатыр» деген пікір бар. Біз теріс діни идеологиялар алаңын футбол алаңы деп атасақ, доптың сырттан, яғни мемлекет аумағынан тыс жерден тебіліп жатқанын байқаймыз. Осы алаңды қоздырушы жалған жетекшілер бар. Мысалы, уақытында Қазақстанда болып кеткен Дилмурат, Назаратолла, Халил, Октам сынды теріс діни көзқарастағы азаматтар дінді толық меңгермеген біздің азаматтарды әлеуметтік желілер мен ғаламтор сайттары арқылы адастыратын ақпараттармен улауда. Қынжылатыны – біздің қоғамда сақал қойғанның, орамал тартқанның бәрін адасып жүргендер деп түсіну бар. Бұл дұрыс емес. Теріс ағымның кесірі дәстүрлі дінімізге нұқсан келтірмеуге тиіс. Оның алдын алу үшін біз де қарап отырған жоқпыз.

Алмас ОҢАЕВ,

Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы:

     — Қылмыс жасаған адам заңды жазаға тартылуға тиісті. Прокуратура құрылымдарының басты мақсаты – адамды соттап, түрмеге тоғыту емес. Керісінше, қылмыстың алдын алу немесе лайықты жазасын алған адамға қателігін түсіндіріп, дұрыс жол көрсету. Облыстық дін істері басқармасының жанынан құрылған үгіт-насихат тобына біз де кіреміз. 2012 жылы әшкереленген Ахатовтың тобын алайық. Құқық қорғау құрылымдары Оралда бірнеше жерде жоспарланған террорлық әрекетті болдырмай, алдын алды. Бірақ олар бұл жолға қалай түсті, біз неге оларды ерте қолға алмадық? Жалпы, адам өзіне лайықты жазасын алды, сотталды, сонымен іс бітті деу қате. Сотталушы бостандыққа қандай ниет-пиғылмен шығады? Бізді осы сұрақтар толғандырады. Облыстық прокуратураның жанынан жұмыс тобы құрылды. Мемлекеттік ұйымдар, ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер департаменттерімен өзара ақылдасып жұмыс істеудеміз. Діни теріс бағытта жүріп, қылмысты болып сотталғандар бұрын мемлекетті мойындаған жоқ. «Мемлекеттен бір тиын алуға болмайды» деген олар 10 баласы болса да, Үкімет тарапынан балаға тиісті төлемдерді рәсімдемеген. Яғни олар Үкіметтің ана мен балаға көрсетіп отырған әлеуметтік жеңілдіктерін қолданбайды. Теологтар сотталушы мен оның отбасына діни-психологиялық көмектер көрсетсе, біз заңға сәйкес Үкімет белгілеген жеңілдіктерді алуына ықпал етудеміз. Сотталушылардың әйелдері жұмыс істемейді, әрқайсысында кемі 4-5 бала бар. Олар бүгінде мемлекет тарапынан жан-жақты көмек алып отыр. Түзеліп, дәстүрлі мәзһабқа оралғандар түрмеде жұмыспен қамтылып, жалақы алады. Онысы бала-шағасының шай-суына жетіп жатыр. Жаза басқандығын түсінген кейбір сотталғандар түрмеден уақытынан бұрын босатылуда. Міне, осының бәрі — бірігіп атқарған жұмыстың нәтижесі. Олар отырған РУ-170/2 еңбекпен түзету мекемесі жедел бөлімінің діни экстремизмге қарсы топтың аға жедел уәкілі, әділет лейтананты Азамат Төлепов — Алматыдағы «Нұр-Мүбәрәк» ислам университетін бітірген дін маманы. Сотталушылардың дәстүрлі мәзһабқа оралуында оның да еңбегі бар.

www.zhaikpress.kz

Ұлдай САРИЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале