2.11.2015, 10:20
Оқылды: 36

«Күбілей» ЖШС 100-ден астам өнім түрлерін сапалы шығарып келеді

Kybilei   1992 жылы құрылған «Күбілей» ЖШС осы уақыт ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен қалбыр өнімдерін шығаруда мол тәжірибе жинақтады.

БҚО кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, жиырма жылдан астам уақыт ішінде білікті маман Талғат Берекешев басқаратын «Күбілей» Қазақстанның тамақ өндірісі саласындағы танымал компаниялардың біріне айналды.

Қазіргі таңда «Күбілейде» 100-ден астам өнім түрлерін, соның ішінде ет, балық, жеміс-жидек, көкөніс қалбырлары, дайын түстік, қалбырға салынған қуырдақ, шұжық, қазы, қазақша ет, жылқы еті сынды қазақтың ұлттық тағамдарын өндіреді. Мұның бір тиімділігі, ұзақ сақталатын өнімді шетелге де көптеп шығаруға болады. Компанияның стратегиялық мақсаты - өнім сапасын қамтамасыз етумен бірге бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Өнім өтімді болса, оны өткізу аясы да кеңейе түседі. Бұл, сайып келгенде, осында еңбек ететін 400-дей адамның нәпақасын табуына мүмкіндік беріп, олардың әл-ауқат деңгейін көтеруге септеседі.

«Күбілей» өз қызметінде шикізат пен өнімді өндіру, сақтау және тасымалдауда барлық технологиялық талаптарды сақтауды басшылыққа алады. СТ РК ИСО 9001, СТ РК ИСО 22000 стандарттары негізінде тұтынушылардың талап-тілегі мен ұсынысын ескере отырып, өнім сапасын жетілдіре беруге бағыт ұсталады. Ең бастысы, ешқандай қоспасыз шығарылатын өнім қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді әрі 100 пайыз табиғи өнім болып табылады. «Дұрыс тамақ - ұлт денсаулығы» ұранымен кәсіпорында қалбырға салынған дайын түстіктер өндіретін желі іске қосылған. Бұл табиғи өнім, әсіресе, асығыс жүретін жастар үшін өте қолайлы.

«Әлемдік дағдарысқа қарамастан, Елбасымыз отандық кәсіпорындарды үнемі қолдап отырғандықтан, біз де ізденісімізді тоқтатпауымыз керек. Халық сұранымын ескере отырып, жаңа өнім түрлерін шығара білсек, одан ұтылмаймыз, қайта ұтамыз», дейді «күбілейліктер».

Еске сала кетейік, «Күбілей» ЖШС 2013 жылғы желтоқсанда «Халық тұтынатын тауарлар» аталымы бойынша еліміздегі таңдаулы кәсіпорындар қатарында «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанған болатын.

www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале