17.02.2016, 10:22
Оқылды: 47

Күйші Дина Нұрпейісованың туысы Белес ауылында тұрады

????????????????????????????????????

   Жетпістің  желкенін  керсе де қолынан ине-жібі түспейтін  Ұлболсын әженің ісмерлігін көруге әдейі ат басын бұрған болатынбыз.

Сонау 1944 жылдың желтоқсан айында дүниеге келген Ұлболсын Мырзағалиева Жаңақала ауданының тумасы.


Еңбекқор ата-анасының  үшінші перзенті. Әкесі Байболсын қолы шебер етікші болған. Оның үстіне әжесі де үнемі іс тігіп отыра-тұғын. Міне, әже мен әкенің жанынан бір елі қалмайтын кішкентай Ұлболсын іс тігуге жастайынан  әуес болып өседі. Бес жасынан-ақ өз киімін өзі тіккен. Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан елді мекеніндегі С.М.Киров атындағы орта мектептің орысша сыныбын тәмәмдаған. Денсаулығына байланысты жоғары білім ала алмаған ол кісі өзінің түлеп ұшқан мектебінде аға пионер жетекшісі болып жұмысын бастаған екен. Оқушы кезінде сабаққа зеректілігімен, белсенділігімен көзге түскен  кейіпкеріміз арнайы білімі жоқ болса да, ұстаздар арасында беделді болып жұмысын жауапкершілікпен атқарған. Ұстаздар бұл кісінің білімінің тереңділігін білсе керек-ті, бірден мектепке жұмысқа қабылдаған. 1966-1986 жылдар аралығында Казталов ауданының ауылдарында оқытушы болып жұмыс жасайды.

Кейін Нәсиболла Ахметқалиев деген кісіге тұрмысқа шығып, екеуі бір қыз тәрбиелеп өсіреді.

1986 жылы Зеленов ауданының Белес (Росташа) ауылына қоныс аударады. Бүгінгі таңда жалғыз қызынан көрген екі жиенімен осы аталмыш ауылда тұрып жатыр.

Істің адамы үшін еріншектік жат қылық. Шаршап шалдығуды білмейтін зейнеткер әжеміз  көрпешелерді көркемдеп тігудің хас шебері десе де болады. Сондай-ақ, кеудеше, қолғап т.б. киімдер тоқиды екен.

Сөйтіп әжеміздің ісмерлігіне таңқалып отырғанымызда, әңгіме арасында  шеберіміз  белгілі  күйші Дина Нұрпейісованың тумасы екендігін айтып, тағы да бір мәрте таңдай қақтырды.

Ұлболсын әженің айтуынша,  атасы Мырзағалидың Көшен есімді әкесі болған. Ал Көшеннің Кенже деген інісінің қызы  осы Дина Нұрпейісова екен. Рас, көбінесе, басылым беттерінде Дина апамыздың өз әкесі жағынан тараған туыстары туралы ақпараттар жоқтын қасы.

- Атам Мырзағалидың жолдасы, яғни менің әжемнің де есімі Дина. Ол кісі сынықшы болатын. Ал, Кенже атамыздың қызы Дина апамыз күйші. Сол себепті ауылдастарымыз екеуін «сынықшы Дина» және «күйші Дина » деп атайтын.

Дина апамыз 18 жасында Нұрпейіс есімді жігітке тұрмысқа шыққанында, Мырзағали  атам  9 жаста екен. Күйші апамызды ұзатқанда, түйеге мініп бірге барып келген. Осы Мырзағали атамның шаңырағында Дина апаның үлкен етіп салынған суреті ілініп тұрушы еді, - дейді естелігімен бөліскен  Ұлболсын  Мырзағалиева.

Сонымен, іздеп барған ісмеріміздің  композитор, Қазақ КСР халық әртісі, ұлы күйшінің туысы болып шыққаны біз үшін қуаныш, әрине.

www.zhaikpress.kz

Самал  ЖАМЕТ

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале