18.08.2016, 20:45
Оқылды: 49

Күні бүгінге дейін порталды 1 миллион 500 мыңнан астам азамат тұтынған

 Brifing  Қазақстанның орталық коммуникациялық қызметі БҚО филиалы «Қазақстан-Орал» телеарнасы ғимаратында кезекті баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.

    Бұған Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша басқарма бастығының орынбасары Асқар Капулов, басқарманың арнайы есепке алу бөлімінің бастығы Гүлнара Ибрашева, басқарманың құқықтық статистиканы қалыптастыру бөлімінің бастығы Ержан Мұхитов қатысып, БАҚ өкілдеріне ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің жұмысы жөнінде ақпарат берді.


     - Біздің бұл басқосуды ұйымдастыудағы басты мақсатымыз,  ең алдымен азаматтарға «Комитет – әр үйге» жобасын жете түсіндіру. Бүгінгі таңда интернет желісінде Комитет порталында азаматтар үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы ақпарат бар. Мысалы, азамат өзіне берілген талонның көмегімен қылмыс туралы арыздың, мемлекеттік органдарға берілген өтініштердің қаралу нәтижелерін, өзіне қатысты айыппұлдардың бар-жоқтығын,  іздеуде жүрген сезікті адамдарды, алимент төлеуден қашқақтап жүргендерді, сонымен қатар сатып алғысы келген автокөлігінің қандай да бір жол-көлік оқиғасына қатысы бар-жоғын біле алады. Сондай-ақ азаматтар статистикалық есептермен, талдау-зерделеу материалдарымен танысып, соның ішінде карталардың көмегіне жүгіне алады.

    Күні бүгінге дейін порталды 1 миллион 500 мыңнан астам азамат тұтынған. Солардың ішінде айыппұлдар бойынша 192 000, іздеуде жүргендер туралы ақпаратты 300 мыңнан астам адам, өтініштердің қаралу нәтижелері туралы 295 мыңнан астам адам, қылмыс туралы арыздың қаралуын 95 мыңнан астам адам қараған, мыңдаған адамдар қылмыс туралы электронды арыз беріп, кәсіпкерлер тексерісіне байланысты 34 мың адам жүгінген. Сондай-ақ, комитет сервистерінде ақпаратты алу тәртібі мейлінше жеңілдетілген. Мысалы, тексерістің тіркелгендігі туралы ақпаратты тышқан батырмасын үш рет басу арқылы алуға болады, яғни интернетке кіріп, сілтемені басып, тіркеу нөмірін енгізген кезде, сервис тексерістің тіркелгендігі туралы ақпаратты лезде шығарып береді. Сонымен қатар «электронды үкімет» мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудамыз. Мысалы, айыппұлдың бар немесе жоқтығы туралы мәліметті Комитет сайтынан басқа, «e.gov» порталынан да білуге болады. «Электронды үкіметтің» төлем жасау шлюзымен кіріктірілуінің арқасында сайт қолданушылары сол жерде айыппұлдарын да төлей алады. Біздің ақпаратымыз азаматтарға түрлі мәмілелер жасау кезінде өздерін қауіпсіздендіруге көмектеседі. Мысалы, автокөлікті сату – сатып алу кезіне, займ алу, сенімхат табыстау, жұмысқа қабылдау, т.б.жағдайларда. Көптеген азаматтар біздің мекемені  соттылық туралы анықтама беретін орын деп қана таниды. Бұл дұрыс емес, біздің жұмыс ауқымымыз бүгінде кеңейді. Бүгінгі шараны осыны түсіндіру үшін ұйымдастырып отырмыз. Қазіргі таңда «ҚСжАЕК –әр үйге» жобасы жасақталды. Бұл жоба қарапайым азаматтарды құқықтық ақпаратпен қамтамасыз етуге, олардың мұқтаждықтарын қанағаттандыруға, сонымен қатар халықтың прокуратура органдарына деген сенімін нығайтуға бағытталған. Комитеттің басты және негізгі міндеті – бұрын қылмыс жасаған адамдардың мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасуына, ал бұрын зорлық – зомбылыққа қатысты қылмысқа қатысы бар адамдардың білім беру мекемелеріне орналасуына жол бермеу, -деген Асқар Жұмағалиұлының сөзін басқарманың арнайы есепке алу бөлімінің бастығы Гүлнара Ибрашева жалғастырды.

     Гүлнар Асқарқызының сөзінше, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бес институционалдық реформасын жүзеге асыру үшін 32-қадам бойынша «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» атты интернет-портал құру көзделген. Осыған орай, он-лайн режімі арқылы жұмыс істейтін «Қылмыстық картасы» құрылған. Осы карта арқылы еліміздің әрбір азаматы қылмыстық оқиғалар жиі орын алатын аумақты біліп отырады. Қылмыстық оқиға орын алған жағдайда 2-3 минуттан соң –ақ аталмыш карта арқылы кез келген адам сол оқиға жөнінде толық ақпарат алады. Ол үшін http://service.pravstat.kz. сайтына кірсеңіз болғаны. «Апатты жағдайлар картасы»  интерактивті жүйесі 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұдан басқа «Кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмыстық картасы» бар. Бұл карта мемлекеттік органдардың сараптама қызметіне балалар арасындағы қылмыс жағдайын бақылауға мүмкіндік береді.

    Жиын соңында журналистер облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма қызметкерлеріне сұрақтар қойып, оған тиісті жауап алды.

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале