6.05.2016, 17:34
Оқылды: 14

Кәсіби мерекелерімен құттықтады

Kolginov sharaaa     Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


         Жиынды ашқан аталмыш департамент бастығының орынбасары, подполковник Жақсылық Айтбаев еліміздің Қарулы күштерінің кешегі және бүгінгі жағдайы, Отан қорғаушылар күнін мерекелеу шаралары жөнінде баяндады.

         Мінберге көтерілген өңір басшысы жиналғандарды кәсіби мерекелерімен және Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. «Әрбір азамат үшін Отан қорғаудан артық абыройлы іс жоқ,-деді Алтай Сейдірұлы.-  Сіздер жастарды тексеріп, іріктеп әскерге жолдап отырасыздар. Сондықтан департамент қызметкерлерінің жұмыстары жауапты. Осындай маңызды қызметтеріңізге жетістік, табыс тілеймін. Биылғы мерекелер ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл олардың маңыздылығын артыра түседі. Тәуелсіздік жылдарында республикамыз Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында үлкен жетістіктерге жетті. Аспаны ашық, әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты мемлекетке айналды. Жыл өткен сайын әлемдік аренада Қазақстанның беделі, халқымыздың әл-ауқаты артып келеді. Оған мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асуы өз септігін тигізуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүздеген шақырым жолдарымыз салынып, жөнделуде. Мұқтаж жандар, ардагерлер, әскерилер, мұғалімдер мен дәрігерлер, жастар тұрғын үйлермен қамтылуда. Осыдан-ақ мемлекеттіміздің әлеуметтік міндеттемелерін орындап отырғанын көруге болады. Облысымызда қорғаныс кешендері даму үстінде. Бүгінде шекарамызды қорғап жүрген кемелердің Оралда шығарылғаны біз үшін мақтаныш. Мереке күні сіздерге денсаулық, отбасы амандығын, бақыт және барлық жақсылықты тілеймін».

         Содан кейін қызметте үздік болған әскери қызметкерлерді марапаттау шарасы өтті. ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығы бойынша подполковник Мейрам Шутанов, Андрей Махорин, майор Ердәулет Сүйінбердиев ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» ведомствалық медалін алды. ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары-Қарулы күштер Бас штабы бастығының бұйрығына сәйкес офицерлік құрамға кезекті әскери шендер берілді. Мәселен, майор Эльдар Шыңғалиев пен Ғабделжәлел Ниязалиев подполковник, капитан Оралбек Қарашолақов майор, аға лейтенант Артур Амирханян капитан атанды. Облыс әкімінің Алғыс хатын алғандардың ішінде подполковник Марат Есенов, майор Арман Әміров, Роберт Фаезов, Наталья Кухарьева, мичман Нұржан Калапов бар. Сондай-ақ Орал қаласы әкімінің алғыс хаттары мен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының қолы қойылған мақтау қағаздары да тапсырылды.

www.zhaikpress.kz

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале