30.07.2015, 18:52
Оқылды: 17

Кәсібін келістіріп отыр

Janibek talov kasibin keltirip otir    Жәнібек ауданы Талов ауылындағы кәсіпкер Бектұрған Досқалиевпен малын ауыл сыртындағы жайылымға шығарып, бағып жүрген сәтінде ұшырастық. Ол кеңес үкіметі кезінде жоғары оқу орнында оқып, ауыл шаруашылығы мамандығын игерген. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жұмыс таба алмай біраз дағдарып қалған.Алайда елде болып жатқан жаңалыққа құмар еті тірі жігіт замана көшінен қалып қоймауға ұмтылып, баспасөз, теледидардағы шағын және орта кәсіпкерлік туралы жазылып, айтылып жүрген жайттарға әрдайым құлақ түретін. Қабырғасымен келісе келіп, ауылдан дүкен сатып алып, іске қосты. Көп кешікпей ауыл тұрғындарын азық-түлікпен қамти бастады. Орал қаласынан, көршілес Ресей жерлерінен өзінің автокөлімен  дүкеніне тауар тасыды. Іскер жан былтыр дүкенінің көлемін ұлғайтпаққа бекінді. Дүкеннің алдына қосымша құрылыс жүргізді. Сөйтіп, бұрынғы дүкенді қойма етті де, жаңадан салынған ғимаратты тұрғындардың сауда жасайтын орны қылып белгіледі. Қазір оның «Асар» атты дүкені Талов ауылының жұртшылығын азық-түлікпен қамтитын бірден-бір сауда орнына айналды. Бектұрғанның «Досқалиев» ныспылы жеке кәспкерлігі  бар.

-Қарамағымдағы мал басын көбейту мақсатында 2013 жылы «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 3 миллион теңге несие алып, сол қаржыға 10 бұзау, 10 бұқа, 10 ірі қара және 3 жылқы сатып алдым.  Екі жылдың ішінде малымды өсірдім. Еркек малдың орнына қой, жылқы сатып алдым. Мал басы өсе бастағасын үйімнің жанынан қора салдым. Бүгінгі таңда өріске 20 ірі қарам, 30 шақты жылқым, 80 қойым шығып жүр,-дейді кәсіпкер.

Оның бізге айтқан сөзіне сүйенсек, алған несиесін кестеге сәйкес төлеп отыр. Орал қаласындағы үйін кепілдікке қойған. Бектұрған бертін келе Талов ауылының арғы бетіндегі мал бағатын орынды бір кісіден 400 мың теңгеге сатып алған. Кәсіпкер аталмыш бағдарламаның ерінбей, ізденіп жұмыс істеген жанға пайдасының шаш етектен екенін, кепілге қоятын дүние-мүлік болса, несиенің пайызы аз, көп қаражатты қажет етпейтінін айтады.

www.zhaikpress.kz

Н.Есенғали

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале