19.11.2016, 17:34
Оқылды: 45

Кәсіпкерлерге кеңес берді

poezd   «Тәуелсіз Қазақстан» атты ақпараттық-насихат пойызымен келген делегация мүшелері сенбі күні де жұмыс жасады. Олар бұл күні облыстық кәсіпкерлер палатасында болып, қоғамдық қабылдау ұйымдастырды.

    Бұған кәсіпкерлік сала мамандары мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ  облыстық филиалының қызметкерлері,  жергілікті кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері қатысты.


     Жиын барысында делегация мүшесі, Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Арнұр Дәрібаев кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттің үлкен қолдау көрсетіп отырғанын айтып, өздерінің сала бойынша кеңес беруге дайын екенін жеткізді. Оның сөзін жалғастырған  облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Нұрғуатов өздеріне көбінесе, жер мәселесімен жолығатынын айтып, жергілікті кәсіпкерлерге сөз кезегін берді. Кәсіпкерлердің бірі өзі тұратын аумақтағы көп қабатты үй жанынан дүкен аша алмай, қиналып жүргенін айтса, екіншісі қала ішінде дүңгіршік қоятын жер ала алмай,  көптен бері әуре-сарсаңға түсіп жүргенін жеткізді. Сұрап жүрген жеріне құжат жинаған кезде 1 млн-дай қаражат жұмсағанын айтқан ол қарайған қаражатының текке кеткенін айтып, ашынды. Осы жиынға қатысқан тағы бір кәсіпкер жеке кәсібін жүргізу үшін жер телімін сұрағанда, қалалық жер қатынастары бөлімі қызметкерлерінің оған «жерді өзің тауып ал» дегенін айтып, шағынды.

     Арнұр Дәрібаев бұған жауап ретінде әр жағдайды талдап,  тексеру керек екенін айтты. Оның сөзінше, бұл ретте жерге қатысты көтерілген мәселелер әкімшілік кедергілерге жатпайды. Сондықтан, бұл мәселелер бойынша заңгерлік қызметке жүгіну керек. Бұл мәселелер жөніндегі кейбір деректерді қойын дәптеріне түртіп алған ол Астанаға барғасын құзырлы орындарға жеткізетінін айтты.

    Жиында ауылшаруашылығы саласын дамыту бағдарламасы мен қаржыландыру институттары жөнінде де сөз болды. Аталған мәселелер бойынша жауап берген «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қуат Ахметов жиналғандарға «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары жөнінде айтып, түсіндірді. Оның сөзінше, ауылшаруашылығы техникаларын несиеге 6 пайыздан бастап алуға болады. Ол үшін несие алушы қажетті соманың 20 пайызын депозитке салуы керек және алынатын техника кепілдікте тұрады. Сондай-ақ, ол асыл тұқымды мал алу үшін мал басын кепілдікке қойып, қажетті қаражатты алуға болатынын айтты. Қуат Ахметовтың сөзінше, 15 млн. теңгеге дейінгі шағын несиені «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ жергілікті бөлімшесінен алуға болады.

    Жиынды қорытындылаған облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Нұрғуатов жер телімі мәселесін шешу үшін өңірлердің аумақтық картасын пайдалануға болатынын айтты. Оның сөзінше, қазіргі уақытта осындай карталар еліміз бойынша жасақталуда. Өңірлердің даму картасы кәсіпкерлерге бос жатқан жер телімін анықтауға мүмкіндік береді.

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале