10.02.2016, 9:14
Оқылды: 25

Кәсіпкерлермен кездесу нәтижелі

Kasipker02   Облыстық кәсіпкерлер палатасында Чех Республикасының Қазақстандағы елшісі Элишка Жигова бастаған делегация мүшелері батысқазақстандық кәсіпкерлермен кездесті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов қатысты.


Кездесуді ашқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов бұл жиынға әріптестікті қай бағытта, қандай салада дамытуға болатынын талқылауға және қонақтардың іскерлік әріптестікке шақыратын нақты ұсыныстарын тыңдауға жиналғандарын айтып, екі тарапты ортақ ашық әңгімеге шақырды. Чехия Республикасының Қазақстандағы елшісі Элишка Жигованың айтуынша, бұл оның елші ретінде Батыс Қазақстан өңіріне тұңғыш келуі. «Екі елдің іске асқан ортақ жобасы бар. Қарашығанақ кен орнын игеруге байланысты Ақсай қаласына чехтар тұрғын үй, жолдар салды. Осы тарих қойнауында қалған ескі байланыстың жібін үзбей әрі қарай жалғасақ деген ойдамыз. Чехия Еуроодақтың мүшесі ретінде  елдегі кәсіпкерлікті дамытуға  ықпалы бар әрі Қазақстанның да келешектегі мүмкіндігі мол», - деді Э.Жигова.

Жиында аталмыш елшіліктің кеңесшісі Ладислав Штайнхюбел Чехия елі туралы жалпы мәліметтермен, әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырды.  Чехия - индустриялы, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған ел. Халықаралық еңбек бөлінісінде бұл ел ең алдымен, машина жасау өнеркөсібімен ерекше көзге түседі. Чехтар металды көп қажет ететін прокат стандарын, ұста-пресс, кен өндіру мен энергетикаға қажетті жабдықтарды жасауды жақсы жолға қойған. Соңғы жылдары әндірісті мамандандырудың жетілдірілуіне байланысты жеңіл автокөлік шығаруға бет бұрған.  Оған «Шкода» автокөлігінің Фольксваген тобына теңестірілген «Фелиция», «Октавия» жөне «Фабия» сияқты соңғы үлгілерінің өлем жүртшылығына танымал болды. Сондай-ақ жеңіл және тамақ өнеркөсібі, фармацевтика саласы жақсы дамыған. Қазақстан  Чехияның Орта Азиядағы сенімді сауда-экономикалық серіктесі болып табылады. Екі ел арасындағы сауда айналымы 2014 жылы  1 млрд. АҚШ доллары шамасында болса, одан кейінгі дағдарыс қиыншылықтарына байланысты одан сәл-пәл төмендеген.

Бұдан кейін батысқазақстандық бірқатар кәсіпкерлер жобаларының нұсқаларын чехиялықтарға табыстады.

Чехиялық делегацияның кәсіпкерлермен кездесуі нәтижелі болды. Бірқатар инвестициялық жобалар бойынша алдын-ала келісімдер жасалғаны белгілі болды. Енді сол жобаларды чехиялықтардың және жергілікті кәсіпкерлердің тараптарынан нақтылау, ширату жайы қозғалды. Екі жақтың кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы ортақ жұмыстары енді басталмақ.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале