10.09.2015, 19:19
Оқылды: 44

Кәсіпкерлер онлайн касса орнатуға міндетті

Janakala kasipkerlermen jyzdestiАудан әкімшілігінің кіші мәжіліс залында Жаңақала ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары салық төлеушілермен кездесу өткізді.Аталған шараның мән-маңызын түсіндіріп, сөз алған басқарма басшысы Қанат Ергенұлы Қазақстан Республикасы салық заңнамасына енген өзгерістерді кеңінен түсіндіріп өтті. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылдың 27 ақпанындағы №757 Жарғысына сәйкес кәсіпкерліктің кіші және орта бизнес субъектілерін тексеруге 2014 жылдың 2 сәуірінен бастап 2015 жылдың 1 қаңтары аралығына мораторий жарияланған болатын. Кездесуде белгілі болғанындай, алдағы уақытта мораторий бітісімен салық төлеушілерге «тәуекел дәрежесіне қарай» талдау жүргізу нәтижелері арқылы тексерулер жүргізіледі. Сонымен қатар мекен-жайлары және басқа мәліметтерін өзгертіп, ұзақ уақыт комитеттің сұраныстарына жауап қатпағандар, салық төлеуді азайтқандар, адал емес кәсіпкерлер «үдемелі шолуға» ілігеді.

Мамандар сондай-ақ,2015 жылдың 2 қазанынан бастап жанармай, дизель отыны және алкоголь ішімдігі саудасымен айналысатын кәсіпкерлер онлайн бақылау-касса аппараттарын қолдану қажеттігін айтты. Аталған құрылғы арқылы салық органдарының кәсіпкерлерді бақылау жұмысы жеңілдетілмек. Табысты бүркеп жүргендер енді артық қимыл жасай алмайды. Себебі аппарат арқылы тұтынушылар мәліметі бірден салық органдарына беріліп отырады. Жаңа тәртіп жемісін берсе, бұл жүйе кәсіппен айналысатындардың бәріне ортақ болмақ. Кассалық аппараттың құны 70-80 мың теңге көлемінде. Осы тұста мамандар кімде-кім салық төлеуден жалтарып, табысын жасырса, әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Кәсіпкерлерге 1 қазанға дейін уақыт берілген. Сондай-ақ салық мамандары алькаголь өнімдерін тасымалдауда кәсіпкерлер тарапынан жиі заң талаптары бұзылатынын ескертіп, тиісті заң талаптарын сақтамаған кәсіпкерлер тиісті мөлшерде айыппұлға ілігетінін кәсіпкерлердің назарына берді.

Кездесуде салық төлеушілер тарапынан қойылған сұрақтарға толықтай жауап берілді.

www.zhaikpress.kz

Н.ЕСЕТОВА

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале