9.11.2016, 20:18
Оқылды: 48

Кәсіпкерлер тарапынан белсенділік, бизнес бастамалар керек

oblis-akimi-25-jil  Оралдағы Салтанат сарайында облыстың өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында кәсіпкерлер форумы өтті. Басқосуға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.


Басқосуды ашқан өңір басшысы Алтай Көлгінов ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде мемлекет пен қоғамның қозғаушы күші ретінде бизнестің институционалды тұрғыда қалыптасқанын, салалық және мемлекеттік бағдарламалардың кәсіпкерліктің дамуына ерекше серпін беретініне тоқталды. Сонымен қатар облыс басшысы  форумға түрлі өңірлерден бір топ кәсіпкерлерді бастап келген кәсіпкерлер палатасының басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевқа және қонақтарға алғыс айтты.

- Біздің мақсат – мемлекеттің, даму институттарының және бизнестің арасындағы конструктивті  және үйлесімді диалог құру. Экспортты, ЕурАзЭО шеңберінде кооперацияны  дамыту арқылы облыстағы кәсіпкерліктің даму бағыттарын анықтап, бір ұстанымды қалыптастырамыз, инвестиция тарту жөніндегі тәжірибемізбен бөлісеміз, - деді Алтай Сейдірұлы. Облыс басшысының айтуынша, соңғы үш жылда облыстың әлемнің өзге елдерімен арадағы сауда айналымы   8,2 трлн. теңгені құраған, оның ішінде экспорт 2,7 есеге өсіп, 7,7 трлн. теңгеге жетті.  Бүгінде агроөнеркәсіп саласында «Желаев нан өнімдері комбинаты», «Кублей», «Белес Агро», өнеркәсіп саласында «Орал трансформатор зауыты», «Зенит», «ЗКМК», «ТМК-Казтрубпром» компаниялары және өзгелері ірі экспортерлар болып қалыптасты. Олардың өнімдері негізінен Ресейге, Әзірбайжанға, Қырғызстанға, Беларуссияға, Арменияға, Өзбекстанға және алыс шетелдерге шығарылады.  Отандық өндірісшілерді қолдау және олардың өнімдерін сыртқа шығару бағытында бірқатар шаруа атқарылды.  Соның ішінде қазақстандық және ирандық компаниялар арасында алты меморандум жасалған. Мысалға, мұнайхимиясы саласында «Топан» ЖШС және  ирандық «Falizan Tasfyeh Co» компаниясы (химиялық реагенттер өндірісі), «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ және ирандық «Innovative Component Solution» компаниясы (газтурбиналы қондырғы жабдықтары өндірісі) біріккен кәсіпорын құру бағытында жұмыстануда. Оралдық «Топан» компаниясы және  сингапурлық «Сhemical Industries» компаниясы елімізде химиялық зауыт ашу жөнінде бірге жұмыстанып отыр. Ал биыл наурыз айында «Орал трансформатор зауыты» және Түркияның жеке инвесторлары «АВВ» швейцарлық компанияның технологиясы бойынша электр техникалық жабдықтар шығаратын біріккен кәсіпорын құруда.  Қазіргі уақытта Оралда электр қалқан өндірісі жобасы бойынша жаңа «URAL  ELECTRIC» ЖШС біріккен кәсіпорын тіркелді. Сондай-ақ биыл қоқыс өңдейтін және су тазалайтын салада көп жылдық тәжірибесі бар финдік  «Doranova» компаниясы жаңғыртылатын қуат көздерін енгізу және қоқыс қалдықтарын өңдеу жобаларын  қолға алу үшін ізденістерін бастады. Финдік «Lammin Ikkuna», «General Finland» және оралдық «Стекло Сервис», «Элита» компаниялары өзара тиімді әріптестікпен жұмыстануда.  Бүгінде «ЛАММИН» компаниясымен бірге біріккен кәсіпорын құру бағытында жұмыстар жүргізілуде.

- 2016 жылы облысқа инвестиция тартуда оң динамика байқалады.  2015 жылмен салыстырғанда инвестициялардың өсімі 18 пайызды (263,1 млрд. т.), соның ішінде сыртқы инвестиция 55, 9 пайызды (184, 8 млрд.т.) құрады, - деді Алтай Көлгінов. Облыс басшысының айтуынша, өңіраралық кооперация шеңберінде өзге өңірлермен іскерлік байланыстар нығая түскен. Мысалға, «Жәрдем» шаруашылығы Ақтау қаласына биылдың өзінде 150 тонна ет жеткізді. «Батыс Марка Ламб» компаниясы Атырауға өнім жеткізуге уағдаласса, «Каверин» ЖК  тек қазан айында Атырауға 1,5 тонна өнім жеткізді.

  • Бүгінде «Агробизнес – 2020» бағдарламасы түбегейлі өзгертілуде. Елбасының тапсырмасы бойынша, бұл бағдарлама алдағы жылы салалық емес, мемлекеттік бағдарлама болады. Оның бұрынғысынан айырмашылығы мұнда нарықта сұранысқа ие өнімдерді өндіру қажеттілігі айтылады. Өндіру керек болған соң емес, сатылатын өнімді өндіру керек. Осындай басты талап тұрғысынан келсек, біз не сата аламыз деп ойландық. Қазақстанның жағырапиялық орны ерекше: іргемізде Қытай, Ресей, Иран тұр және Парсы шығанағы елдерінен де қызығушылық күшті. Қытай нарығы көп уақыт бойы бізге жабық еді. Өйткені қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне түрлі шектеулер көп болатын. Мал ауруларына байланысты етке де жол жоқ-тұғын. Елбасымыздың соңғы  жұмыс сапарынан кейін бұл нарықтың «есігі» ашыла бастады. Қытайдың мемлекеттік органдарымен, сыртқы сауда палатасымен келісімдер жүргізудеміз. Оларға қажетті өнімдер анықталуда, соның ішінде бағаларына келсек, мысалға, еттің бағасы ел нарығындағыдан 10 есе жоғары. Онда майлы дақылдарға, күнбағыс майына сұраныс зор. Алғашында солтүстік өңірлерден 2 мың тоннадай күнбағыс майын жібергенбіз, екі күнде өтіп кетті. Қазір де қазақстандық майға ауқымды көлемде сұраныс күшті әрі бағасы көңілдегідей. Жақында сыртқы сауда палатысында болдым, ондағылар сояға сұраныс барын айтты. Жыл сайын Қытай АҚШ-тан, Аргентинадан 70 млн. тонна сояны импорттайды. Елімізде жыл сайын 200 мың тонна соя өсіріледі. Қытайға өнім  өткізу үшін қажетті стандарттарды алып, аударудамыз. Одан кейін оларды өңірлерге таратамыз, сайтқа саламыз,- деді Нұржан Әлтаев. Оны айтуынша, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының ұсақ 1500 омарташысы кооперацияға біріккен. Олар балдың қорапшасын шығаратын цехты бірігіп салған және Қытайдан ветеринарлық инспекция өкілін әкеліп, балдың сапасын тексерту жұмыстарынан кейін өнімнің сертификатын алуға қол жеткізген. Қазір оларға Қытай нарығының «есігі» ашық. «БҚО-ның  ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор. Мал шаруашылығының да мүмкіндіктері мол. Сондықтан сіздерді Қытайға өнім шығаруға қатысуға  шақырамыз», - деген Н. Әлтаев кәсіпкерлер палатасының сайтында барлық мәлімет барын, тілек-өтініштерін сонда қалдыруға болатынын жеткізді. Бірақ, Қытайға өнім шығару үшін сол елдің ветинспециясы алдымен өңірге келіп, кәсіпорынмен, шаруашылықпен танысады. Н. Әлтаевтың айтуынша, Біріккен Араб Әмірліктері елі тарапынан қазақстандық  етке, ірі және ұсақ мал етіне деген сұраныс барын, жақсы жобалар болса, Ислам даму банкі қаржыландыруға дайын екендігін жеткізді. Одан кейін «Аулы шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров ауыл кәсіпкерлерін қолдау жайында баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы бес жылда БҚО-да аталмыш қор арқылы 7 млрд. теңге бөлініп, игерілген және 3 мыңнан астам кәсіпкер несие алған. Ауылды шағын несиелеу бүгінде «Ынтымақ» (ауылдық кооперативтерді дамыту) «Игілік» (мал өсіруге) және «Бірлік» (сүт қабылдау пункттерін құруға), «Береке» (отбасылық мал бордақылау алаңдарын дамытуға) бағдарламалары бойынша жүргізілуде. Бұл бағдарламалардың барлығы да қосалқы шаруашылықтарға негізделген коопертаивтерді қолдап, дамытуға қызмет етеді. «Бағдарламалардың шарттары түсіндірілуде. БҚО-да 4 ауылдық округ пилоттық жобаға іріктеліп алынады. Округтердің әрқайсысында 20 шаруашылықтан кем болмауы тиіс. Шаруашалықтардың бірігуі, кооперациялануы тауар өндіруге мүмкіндік береді. Бұл кооперативтерге қаржылай қолдау көрсетіледі.  Бұл мақсатқа облысқа  400 млн. теңге бөлінбек. Тек оның басты шарты -  өндірілген  өнімді өткізу. Өңірде ірі өңдеу кәсіпорындарының барын ескерсек, кооперативтер өндірген өнімді өткізу қиынға соқпайды», - деді Ж. Омаров.

Кәсіпкерлер палатасының өнеркәсіп және инвестициялық саясат  департаментінің директоры Нұрлан Сақуовтың басқосуда жасаған баяндамасына сүйенсек, Қазақстан кластерлік жолмен дамуға ниетті. Кәсіпорындар кооперацияға бірігіп, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. «Жуықта Инвестициялар және даму министрлігі алты кластер бойынша іріктеу конкурсын өткізеді. Оларға мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдау көрсетілетін болады. Сондықтан әрбір өңір іріктеу комиссиясына өз аумағында кластер құратын жобаларын ұсынуы тиіс», - деді ол.  Бұдан кейін жиын барысында белгілі болғандай, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Ниетқалевтің айтуынша, БҚО тамақ өнеркәсібі кластерін құру ниетімен үкіметке ұсыныстарын жолдамақ.

Дөңгелек үстел барысында «Финдік бизнес Хаб» директоры Мұхтар Манкеев, «Топан» компаниясының коммерциялық директоры Ғайса Жұмалиев,  «CentrAsia Group» компаниялар тобының даму жөніндегі директоры Жұматай Сәлімов, сонымен қатар экспортерлар сырттан инвестиция тарту  және іскерлік байланыс орнату тәжірибелерімен бөлісті. Оңтүстік Қазақстандық кәсіпкер, «Қайып ата» ЖШС-ның атқарушы директоры Сырым Ертаев Парсы шығанағы елдерінің нарығына ұсақ малды экспорттау ерекшеліктері жайында әңгімелеп берді. «Араб елдерінде еттің бағасы біздегіден қымбат, 6-10 доллар шамасында. Бар қиындық логистикада. Өнімді ұшақпен апарамыз, бірақ қайтарда бос қайтамыз. Қазір Иранмен келіссөздер жүргізілуде.  Тегеранның өзінде 30 млн. халық тұрады. Ол жақта мал өнімдері, ет, сүтке сұраныс бар», - деген Сырым Ертаев батысқазақстандықтарды бірге жұмыс істеуге шақырды.   Сондай-ақ жиын барысында  БҚО кәсіпкрелер палатасының диркторы Нұрлан Қайыршин ауылдағы кәсіпкерлікті шағын несиелеу жобасымен таныстырды. Мұндай жобалар бірқатар өңірлерде қолға алынған.

Басқосуды қорытындылаған облыс басшысы Алтай Көлгінов кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мұндай шаралар тәжірибе алмасуға, бизнесті дамыту мақсатында өткізілетінін айта келе, тек кәсіпкерлер тарапынан белсенділік, бизнес бастамалар қажеттігін атап көрсетті. «Біз жобаларды құрылғаннан бастап іске асырылуына дейін қолдауға әзірміз», -деді ол.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале