3.06.2016, 18:11
Оқылды: 21

Кәсіпкерлікті дамыту картасы таныстырылды

Steskov   Бүгін Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасының тұсауы кесілді.  Жиынға облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов, «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов қатысты.


   -Өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасы өткен жыл бойы жасақталды.  Картаны businessmap.kz cайтынан көріп, пайдалануға болады. Оны жасау жұмысына зерттеу институттары, мемлекеттік құрылымдар жұмылды. Бұл картаны бизнесті бағыттаушы, бизнес навигатор деуге болады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін шынайы әрі сапалы ақпарат қажет. Бұдан пайда көретін кәсіпкерлер. Өңірлік карта әлеуетті инвесторлар үшін инвестициялар салудың және жаңа өндірістік қуаттарды ашудың ықтимал келешегін айқындауға көмектеспек. Әзірге карта  орыс және ағылшын тілдерінде дайындалған, таяуда  мемлекеттік және қытай тілдерінде «сөйлейтін» болады, -деді «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов. Оның айтуынша, елімізде 16 өңірлік кәсіпкерлер палатасы және аудандарда 188 филиал жұмыс істейді. Жалпы осы ұйымдық құрылымдармен жүргізілген зерттеулер кәсіпкерлік қауымдастығының бірнеше түйткілді мәселелерін анықтаған. Олар - арзан әрі ұзақ мерзімдік қаржыға қол жеткізу қиындығы, тауар өткізу нарығының тарылуы, білікті тар шеңберлі мамандардың жетіспеушілігі. Батысқазақстандық кәсіпкерлер инфрақұрылымға, жер телімдеріне қол жетпейтінін, білікті мамандардың жетіспейтінін атап көрсеткен.

   -Білікті мамандардың жетіспеушілігі барлық өңірлерде байқалады. Бүгінде ел тұрғындарының 43 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Олардың 24 пайызы жұмыспен қамтылған. Ұлттық жалпы өнімнің 5 пайызын солар өндіреді. Оларды кәсіпкерлікке тартқымыз келеді, алайда кәсіпкерлердің көпшілігі тар шеңберлі арнайы білімнен мақұрым, салалық білімнен бейхабар болып шығады. Мысалға, егін егу тәуекелді қажет ететін Ақтөбе өңірінде гектарына 15-20 центнер өнім алып жүрген бір кәсіпкер бар. 5-6 центнерден өнім алатындарға қарағанда ол ғылыми зерттеу институттарымен тізе қосып жұмыстанады, көрмелерге қатысады, жаңа технологияларға мән береді, ылғи да оқиды. Білім жетіспеушілігін осы картамен толықтыруға болады. Ең маңызды деген не өндіру керек, қай жерде өндіру керек, кім үшін, кіммен бірге өндіру керек деген сауалдарға жауап береді, - деген Төлеміс Шотанов картаның басты артықшылықтарына тоқталды.

   Оның айтуынша, бұл карта арқылы еліміздің кез келген өңірінде экономиканың қай саласы бойынша кәсіпті жүргізген ыңғайлы екенін, сол үшін бизнеске бүгін қандай қолдау жасалып отырғанын, ресурстық әлеуетті, сату нарығын, инфрақұрылым, шикізат жайын, кәсіпкерлік нысандарының реестрін, кадрлық әлеуетті нақты білуге болады. Өңірлер бойынша толық талдамалық шолу және экономикалық деректер, дамудың келешек бағыттары, жобалық бастамалар да бар. Сонымен қатар кәсіпкерлікті бірге дамытуға әріптес іздегенге де қолайлы: картада еліміздегі  1 миллион 300 мың субъектінің 10 мыңы жайындағы толық қажетті ақпарат орналастырылған.

   Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов аталмыш картаны жасау барысында өңірден үскен ұсыныс-пікірлердің ескерілгенін және мұндай ортақ сайттың, ортақ картаның кәсіпкерлікті дамыту үшін ауадай қажет екеніне тоқталды. – Әдетте бір компанияны ғаламтордан іздегенде, бірнеше сілтемелер шығады. Олардың әрқайсысын ақтарып, қажетін табуға уақыт жұмсайсыз. Ал мында кәсіпкерлер өңірлерден компанияны, өнім түрлерін, шикізатты жылдам іздеп таба алады. Порталдың «Атамекен»  кәсіпкерлер палатасымен, кәсіпкерлердің өздерімен құрылғаны қуантады. Өңірлерден дамытуға ұсынылатын инвестициялық жобалар да көрініс тапқан. Өзге өңірлерден және шетелдік инвесторлар осы карта арқылы өңірімізге инвестиция салуға келе алады. Карта жаңартылып отырады, жақсы идеяларыңыз болса, батыл ұсынуға болады. Карта кәсіпкерлікті дамытуға серпін береді,- деді облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов.

    Басқосуға қатысқан кәсіпкерлер картаны жетілдіру, толықтыру бағытындағы ой-пікірлерімен бөлісіп, өздерін мазалаған сұрақтарға тиісті жауап алды.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале