7.01.2016, 2:08
Оқылды: 29

Кәсіпкерлік бастауы

Akjayik etikshi kasipkerlik   Ақжайық селосында тұратын Жаңылхан Байғалиева – кәсіби етікші. Кезінде кәсіптік училищеде оқып, осы мамандықты алып шыққан ол бастапқыда қалада, кейін көп жыл ауылда етікші болды. Осындағы тұрмыстық қамту комбинаты жанында Клара Цеткин атындағы фабрика филиалында еңбек етеді.


Алайда, 90 жылдардан басталған топалаң салдарынан ауылда мемлекеттік тұрмыстық қызмет көрсету орындары түпкілікті жабылып тынды. Сол кезде Жаңылхан да жұмыстан қол үзіп қала береді. Бала-шағасы мен ері Қуаттың тиіп-қашып істеген жұмысы үшін алатын жарытусыз еңбек ақысына қарап қалды. Әйтсе де қол қусырып отыруға тағы болмайды. Жаңылхан біртіндеп әркімнің аяқ киімін жөндей бастады. Қолы епсекті ері Қуат та осы іске бейімделіп алды. Қажетті тігін құралдарын Қуат қолдан жасайды. Аяқ киім жөндетушілерден тұрақты ақы талап етпей, бергендерін ғана алады. Оның үстіне жабайы құралдармен жұмыс істегендіктен еңбек өнімділігі де нашар. Арнайы шеберхана болмағандықтан, жөндеуге әкелгендердің ескі-құсқы аяқ киімдері үй ішінде ыбырсып жатты.

Сондықтан, - дейді Жаңылхан, - «Ештен кеш жақсы» деп, бертін келе кәсіпкерлікке біржола бет бұрдым. Осы жолда тоздырмаған табалдырығым қалмады. Ауданға да, облысқа да ат-сабылтып шапқыладым. Бірақ, менің сөзіме де, жазған арыздарыма да құлақ асушы болмады. Сөйтіп жүріп зейнеткерлікке де жеттім. Ақыры, өткен жылы 60 жасқа толған сәтімде кәсіпкерлік ашуға арналған 3 миллион теңге мемлекеттік қайтарылмайтын грант ұтып алдым. Өкінішке орай, ол ұтысым қолыма түгел тиген жоқ. Тек, 800 мың теңгесін алуға Серік Сүлейменнің арқасында қол жеткіздім.

Ия, сонымен, өткен күзде үлкен ұлы Ринат салған қуықтай шеберхана етікші үйінің тар ауласын бұрынғыдан бетер тарылта түскен. Көлемі он шақты шаршы метр ғана бұл орын бір бұрышына орнатылған шағын темір пешпен жылытылуда. Қол жеткен қаражатқа Ресейден екі түрлі тігін машинасын, түрлі қалыптар мен бастырғыш құрал (престегіш), былғары, тері материалдар, етік табандарын, сол секілді жіптер мен желім, шеге, біздер т.б. ұсақ-түйек заттар алдырған.

- Кәсіп ашушыларға арналған 6%-дық несие алмақ болып, талай банкке бардым. «Зейнеткерсің» деп, ешқайсысы бермей қойды. Әйтпесе, жөні түзу шеберхана салып, газ жүргізіп алар едік. Халық қажетіне қарай, тапсырыс қабылдап, аяқ киім тігіп, сатар едік. Осы шағын шеберханамыздың құрылысы мен құрал-жабдықтарын сатып алуға да көп шығын кетті. Несие бергенде бәрі өзгеше болар еді, - дейді Ж.Байғалиева.

Әзірге ерлі-зайыптылар табан, өкше ауыстыру, жаңадан ысырма тігу ісімен ғана айналысуда. Жұмыстары алға басып жатса, ерлер мен әйелдерге арналған етік, мәсі тігіп шығаратын да ойлары бар. Осы мақсатта бірнеше аяқ киім үлгісін жартылай бітіріп, көрініске қойған.

www.zhaikpress.kz

Мұхамбет ЖҰБАНДЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале