19.04.2016, 19:46
Оқылды: 18

Кәсіпкерлікті дамытудың жаңа мүмкіндіктері талқыланды

kulginovОблыс әкімдігінде өңіріміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған жиын өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ төрағасының орынбасары Дәулет Әбілхайыров, екінші деңгейлі банктердің облысымыздағы филиалдарының басшылар, аудан әкімдері, кәсіпкерлер қатысты.


Жиынды ашқан облыс әкімі Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кәсіпкерлікті дамытуға баса мән бергенін айта келіп, бұл бағытта облысымызда тиісті шаралар алынып жатқанын жеткізді. Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлік саласын демеуқаржыландыруға бюджеттен 2,1 млрд. теңге бөлінсе, биыл ол 2,2 млрд. теңгені құрады. Сондай-ақ ағымдағы жылы кәсіпкерлікті өрістету үшін облыстық бюджеттен 500 млн. теңге және «Даму» қорынан да осыншама қаржы қаралған. Бұл облыстағы шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін берері анық. Ең бастысы ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау назарда ұсталмақ.

kasip Өз кезегінде сөз алған «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ төрағасының орынбасары Дәулет Әбілхайыровтың айтуынша, қор батысқазақстандық кәсіпкерлерді, әсіресе ауылдағы ағайынды қолдауға әзір, бұған екінші деңгейлі банктер де мүдделілік танытуы тиіс.

Содан соң аталмыш қордың облысымыздағы аймақтық бөлімінің директоры Ербол Иденов аймақтық қаржыландыру бағдарламасының жаңа механизмдерінің жобамен таныстырды. Банк өкілдері бұл механизмнің олар үшін де тиімді тұстары бар екенін және бағдарлама бойынша жұмыс істеуге әзір екендерін жеткізді.

Жиын барысында Ақжайық, Сырым, Зеленов, Тасқала аудандарының әкімдері де жергілікті жердегі кәсіпкерліктің өрістеуіне кедергі болып тұрған жайттарға тоқталды, банктердің кепілзат сұрауына қатысты мәселе көтерді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жиында көп мәселе айтылғанын, енді олардың оң шешімін табу үшін жұмыстану керектігін жеткізді. Соған орай облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов жетекшілік ететін жұмыс тобы құрылмақшы, осы топ аталмыш мәселелермен айналысып, олардың оң шешілуіне ықпал етеріне сенім мол.

www.zhaikpress.kz

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале