17.05.2016, 10:10
Оқылды: 71

«Көкейге қонған қоңыр ән»

Serik aga    Облыстық филармонияның концерт залында Республикалық Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы дәстүрлі әншілер байқауының лауреаты Серік Абдрахмановтың 50 жасқа толу мерейтойына арналған «Көкейге қонған қоңыр ән» атты шығармашылық концерті өтті.


   Концерт шымылдығы кеш иесінің орындауындағы Ғарифолла Құрманғалиевтің «Әнші дауысы» әнімен ашылды. Мұнан кейін ол тыңдармандарын «Бозбала», «Ақжамал» атты халық әндерімен тербей түсті.

   - Қазір әнші де, ән де көп. Бірақ атадан бермен келе жатқан хас өнерге ғазиз ғұмырын арнаған адамдар өте сирек. Бұл Батыс Қазақстан өңірі, біз топырағын басып тұрған Орал, іргелес жатқан Ақтөбе, Атырау, одан әрі Маңғыстау топырағы жон арқасын аюға беріп жатқан, бір замандағы найзасы көкке шаншылған Алтын орданың сарқыты, қазақтың қазақ болуы үшін, ел үшін егескен ерлердің талай қанын төккен жер. Бұл жерде әншіліктен бұрын бір заманда эпикалық жыршылық үрдіс қатты дамыған. Батыстың қаһармандық жырлары, кешегі ноғайлы дәуіріндегі жырлар - соның бәрі осы топырақтан шыққан. Ал Бала Ораз бен Мұхит төренің әні - қазақтағы сол асыл эпикалық рухты сақтап қалған бірден бір өнер. Батыстың әні басқа жердің әніне ұқсамайтыны - онда ерліктің де, елдіктің де, қазақтың бойындағы бар жақсы қасиеттің, бүкіл отаншылдыққа байланысты рухтың сақталып қалғандығынан. Әнші «а» деп ауызын ашқанда тыңдаушының жүрегін бірден жаулап алатыны да содан. Мен Серікті сол үшін де құрметтеймін, ағайын. Серік - кешегі Ғарекеңнің көзі, алтынның сынығы. Өз басым ендігі уақытта Серіктің педагогикамен айналысқанын қалар едім. Оралда көптеген оқу орындары бар. Серік сияқты тәжірибе жинаған өнерпаздың, ол сияқты анау құмның арасындағы кемпір мен шалдың ауызындағы асыл мұраны жинап алып қолында ұстап отырған азаматтың өнерін пайдаланатын кез келді. Мен елдің азаматтарына осыны айтқым келеді. Өнерге қызмет жасайтын азаматтар бар. Сондай азаматтарды тіршілігінде қамықтырмай, «қарнын ашырмай» жұрт қатарлы тең алып жүру - атқа мінген азаматтардың міндеті. Біздің қазақ ондай міндетті талай атқарған. Атқара береді де деп ойлаймын. Той тойға ұлассын! - деді кешке Алматы қаласынан ат арытып арнайы жеткен Халықаралық «Түріксой» сыйлығының иегері, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, жыршы Берік Жүсіп. Ол қазақы дәстүрмен Серік Абдрахмановтың иығына шапан жауып, өзінің өнер тақырыбында жазған көлемді еңбегін сыйға тартты.

  Мәдениет саласының ардагері Төлеген Есмұқанов мерейтой иесіне Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековтың Құттықтау хатын табыс етті.

  Кеш барысында облысымызға танымал өнерпаздар Дастан Есентеміров және Ернар Өмірәлі Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін әуелетті. Ал «Ерен еңбегі үшін» медалігің иегері Жаңылсын Хасанова Мұхиттың «Жаймақоңыр» әнін заман талабына сәйкес эстрада жанрында келістіре шырқады. Кеш иесі халық әні «Теке қала», «Ақ ерке», «Нақ-нақ», Мұхиттың әні «Дидар», «Кіші Айдай», Жаманқұлдың әні «Жантелім», Өмір Көшекбайұлының термесі, «Аманғалидің әні», Дәуке Шолақұлының «Жасдәурен», Біржан салдың «Бурылтай», Ғарифолла Құрманғалиевтің «Оралым» әндеріне басқанда дені егде жастағылардан құралған тыңдарман қауым жігерленіп, ерекше қошемет танытты. Республикалық «Үкілі домбыра» байқауының екі дүркін лауреаты, белгілі күйші Едіге Нәбиев Ақбикештің күйі «Айнам қалды» және Абылдың күйі «Абылды» тартып көптің ықыласына бөленді. Ақтөбеден арнайы келген жыршы Жетес Жәмеков Базар жыраудың толғауын ерекше мақаммен төкпектете жырлады. Ол сондай-ақ қолына қылқобызын алып, «Есіл де есіл, есіл күн» толғауын сарнатты.

   - Сонау тоқсаныншы жылдары Ғарекеңнің әндерінен жаңа ғана тұшынып, әсер алып жүрген шағымызда Серік Құрдасым Алматыдан келді. Сол кезде ол өнерді жаңа бастап жатқан Асхат Оразов, Жақсылық Исламғалиев сынды құрдастарына, көптеген қыз-жігіттерге үлгі болып, ықпалын тигізді. Көп әндерді үйрендік. Әсіресе, өзіміздің ұлы кумиріміз Ғарекең туралы, оның бер жағындағы Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байболсынов, замандасы Бекболат Тілеуханов, Табылды Досымов жөнінде таңды таңға ұрып әңгімелейтін. Осындай құрдас досымыздың, өзге де ұстаздарымыздың арқасында Асхат екеуміз үлкен сахнаға келдік. Менің ойымша осындай өнерпаз жандар лайықты түрде бағалануы үшін Қырымбек сынды ағамыз Жайық өңіріне тағы бір келіп кетуі керек сияқты. Өйткені осындағы өнер иелерінің тоқсан пайызы сол кісі облысымызды басқарған кезде баспаналы болды. Сондай азаматтар біздің елімізде әлі де кемшін. Сондықтан елім дейтін нағыз азаматтар көп болсын! - деді «Мәдениет саласының үздігі», облыстық қазақ драма театрының актері Мұсағали Бектенов мерейтой иесін құттықтау сөзінде. Әнші Асхат Оразов кеш иесіне деген ыстық ықыласын білдіріп, «Тілеуқабақ» әнін нақышына келтіре шырқады.

    Концерт соңында аталмыш шараны ұйымдастырған, Серік Сәбитұлы қызмет ететін Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұжымының директоры Қадырболат Мұсағалиев кеш иесін құттықтап, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың алғысхатын табыстады. Сондай-ақ, Серік Абдрахмановты «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық ұйымының «Құрмет белгісі» төсбелгісімен марапаттады. Мұхит Мерәлиев сондай-ақ, алаша Байбарақ батыр Құдайқұлұлының атындағы қоғамдық қорлардың директоры, ҚР мәдениет қайраткері Сағадат Рахметжанов өнер иесіне жүрекжарды лебізін арнады. Ол Серік Сәбитұлының өңіріне Байбарақ батыр атындағы алтын төсбелгіні тақты.

www.zhaikpress.kz

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале