6.05.2016, 19:21
Оқылды: 24

«Көктемгі егіске дайынбыз»

brifing Ungarbekov  «Қазақстан-Орал» телеарнасы ғимаратында  көктемгі егіс жұмысына дайындық тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

   Бұған облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы  Марат Оңғарбеков қатысып, БАҚ өкілдерін егіс науқаны барысынан хабардар етті.


  -Биылғы көктем жауын-шашынды болды. Сол себепті егіс науқаны жылдағыға қарағанда сәл кешігіп басталды. Көктемгі ауа райының ылғалды болуы дихандар қауымы үшін  бір жағынан жақсы болса, екінші жағынан қосымша жұмыстарды туындатады. Ал енді көктемгі далалық жұмыстар жөнінде баяндар болсам, биыл ауылшаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 596,0 мың га алқапты құрайтын болады. Жалпы дәнді дақылдар егісі 320 мың га алқапта жоспарланса, оның  45,1 гектары өткен жылы күздік дәнді дақылдар ретінде егілді. Енді жаздық дәнді дақылдар 274,9 мың гектар алқапқа егілуі тиіс. Бұйырса, майлы дақылдар 50 мың гектар жерге егілмек. Мал азықтық дақылдардың егісін 214 мың гектарға дейін ұлғайтып, тамшылатып суару жүйесін 350 гектар алқапқа дейін қолдану жоспарлануда. Бұл көрсеткіш өткен жылы 335 га болды. Ағымдағы жылы көктемгі далалық жұмыстарға 414 шаруашылық қатысады деп күтілуде.  Облыс бойынша жаздық дәнді дақылдар тұқымына қажеттілік 23,49 мың тоннаны құраса, бүгінде соның  20,38 мың тоннасы дайындалды. Сондай-ақ, майлы тұқымнан 0,43 мың тонна   қажет болса, қазір соның 0,86 мың тоннасы  дайын.  Бұдан басқа мал азықтық  дақылдардан 1,39 мың тонна дақыл қажет десек, соның әзірге 0,92 мың гектары бар. Және биылға қажетті 15, 9 мың тонна картоптың 13,2 мың тоннасы дайын тұр.

    Аудандардан түскен мәлімет бойынша көктемгі далалық жұмыстарды өткізуге 4173 трактор, 4965 тұқым сепкіш, 793 топырақ қопсытқыш және 47 дана «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс», «Хорш» және  басқа да маркалы тұқым себу кешендері қатысуда. Егіс алқаптары бүгінде қажетті техникалармен толық жабдықталған. Сондай-ақ, көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін 12 мың тонна дизель отыны керек болса, 5 мамырға дейінгі мәлімет бойынша облыстың 121 ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілері келісімшарт жасап, 1256,9 тонна дизель отынын алды. Ағымдағы жылы облыс бойынша 370,0 мың га ылғал жабу жұмыстары жоспарланып, күні бүгінге 254,8 мың га алқапта ылғал жабылды. Ал егіс алдындағы қопсыту жұмыстарын 163,3 мың га жерге жүргізу керек болса, бүгінде 30,0 мың гектар жер қопсытылды.  Жалпы, егу жұмыстары басталғалы бері 11,2 мың га алқапқа жаздық дәнді дақылдар егілді. Соның 2,8 мың гектары жаздық бидай, 7,7 мың гектары арпа және 0,7 гектар алқапқа сұлы егілді. Қорыта айтсақ, майлы дақылдар 3,2 мың га, картоп 552 га, көкөніс дақылы 198 га және бақша дақылдары 60гектар алқапқа отырғызылды. Соңғы жылдары мал басының күрт өсуіне қарай, мал  азықтық дақылдарына  басымдық берілуде. Мысалы, биыл күні бүгінге дейін 6,4 мың гектар жерге мал  азықтық дақылдары егілді, -деген Марат Кенжетайұлы биылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қаражат жағынан көмектесіп отырған екі мекемеге ризашылығын білдірді. Оның бірі - «Аграрлық  несие корпорациясы» АҚ болса, екіншісі - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ. Марат Оңғарбековтің сөзінше, алдыңғысы егістік жұмысына 458 млн. теңге қарастырып, 15 шаруашылықты 136,2 млн. теңгеге несиелесе, соңғысы «Егінжай» бағдарламасы бойынша далалық жұмысқа 60 млн. теңге бөліп, соның 43,9 млн. теңгесін 17 шаруашылыққа несиеге берген.

    Жиынды қорытындылаған Марат Оңғарбеков көктемгі далалық жұмыстарға облыстың дайын екендігін жеткізді.

   Бұдан соң баяндамашыға журналистер тарапынан сұрақтар қойылып, оған нақты жауаптар қайтарылды.

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале