24.02.2016, 19:44
Оқылды: 24

Көнеккеткен ауылында айтыскер ақындар жолдастық кездесуге жиналды

 Akjayik aitis  Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып Ақжайық ауданының Көнеккеткен ауылында жас айтыскер ақындардың «Елімді жырлаймын!» атты облыстық жолдастық кездесуі ұйымдастырылды.


Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйытқы болған бұл шараға Жансая Мусина, Айнабек Бисенғалиев, Талғат Мықи, Бауыржан Ширмердинұлы, Естеміс Мұқанбетовтей есімдері елге танылып қалған ақындармен қатар Мақсат Тұяқ, Алшынбек Мұқанғалиев, Асыланбек Шығыров, Орынбек Меңдіқұлов, Азамат Базарбаевтардай айтыс әлеміне жаңадан қанат қағып келе жатқан өрендер қатысып, өнер көрсетті. Ақжайықтық белгілі ақын, «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының жетекшісі Сағынтай Бисенғалиев пен Көнеккеткен ауылдық округінің әкімі Ұлдаш Қадырғалиеваның меймандарға ақжарма тілегін арнаумен басталған жыр мерекесінде сөз сайысына түсушілер жиналған қалың ағайынды өрнекті өлеңдерімен тербеді. Тәуелсіздік жылдарының аз ғана кезеңінде қол жеткен табыстар, ел алдында тұрған ұлан асулар жырмен кестеленді. Ақындар сондай-ақ ауылдың әл-ахуалындағы, тұрмыс-тіршілігіндегі оң істерімен қатар кейбір осалдықтарды, ұл-қыздың тәлім-тәрбиесі, бұқара халықтың өзекті мәселесі боп саналатын қара жолды да тілге тиек етті. Мысалы, Алшынбек Мұқанғалиев пен Естеміс Мұқанбетов Көнеккеткен ауылының тарихына дендеуге тырысты. Азамат Базарбаев пен Орынбек Меңдіқұлов ара-тұра әзіл-қалжыңға орын беріп, жұртты күлкіге кенелтті. Республикаға танымал Жансая Мусина мен Талғат Мықидың сөз қағысы олардың қасиетті сахнаға төселгендерін әбден аңғартты.

Сонымен қатар айтыскер аға-апаларының жолын қуған жас бүлдіршін, мектепалды даярлық тобының оқушысы Миржан Аманжолов «Тәуелсіз еліме» туындысын оқыды.

Сөз өнері, суырыпсалмалық ақындықтың қасиеті жайында әңгіме болып, пікір алмасылды.

Ақындарды бастап келген облыстық халық шығармашыл орталығының бөлім меңгерушісі Айгүл Шәмекейқызы мен осы орталықтың режисері Арайлым Жұмабайқызына қалың жұрт ризашылықтарын арнады.

Облысымызда осындай айтулы шаралар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Көнеккеткен ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале