14.07.2015, 20:41
Оқылды: 23

Көпір жолы екі аптаға жабылмақ

brifing 14  Жөндеу жұмысының жүргізілуіне байланысты 16 шілдеден бастап Подстепный ауылына қарай баратын жолдағы Жайық өзенінен өтетін көпір екі аптаға жабылмақ.

Бұл жөнінде сейсенбіде «Қазақстан-Орал» телеарнасында өткен баспасөз мәслихатында Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бекжан Тоғжанов мәлімдеді. Оның сөзінше, аталған көпірдің жағдайы әзірге жаман емес, сондықтан, биыл көпірдің тек деформациялық жіктері мен асфальтты-бетонды жабыны ғана жаңғыртылмақ. Көпір жолының уақытша жабылуына байланысты  аталған кезеңде қаладағы қоғамдық көліктер қатынасы жаңа көпір (Зашаған) арқылы жүзеге асырылады.  Осыған орай, №12, №23а, №23б, №23д секілді саяжайға баратын оншақты автобустың қаламен қатынасында  уақытша өзгерістер болады. Бұл автобустардың жартысы көпірге дейін, ал қалған бөлігі көпірден әрі қарай саяжай маршруттары бойынша және Подстепный ауылына барады. Ал жаяу жүргіншілер көпірге дейін аталған автобустармен келеді де, көпірден жаяу өтіп, одан әрі автобустармен қалаған бағытына барады. Осы жұмыстармен бір мезгілде көпірден бастап Подстепный ауылына қарай бағытталған жолға асфальтты-бетонды жабын төсеу жұмысы жүргізілетінін жеткізген Бекжан Тоғжанов  Деркөл өзені арқылы өтетін көпірге қаражат бөлінгенін және бұл бағыттағы жұмыстың Орал көпірі ашылған соң басталатынын айтты.

Оның айтуынша, биыл Орал қаласындағы жол жөндеу жұмысына 3,6 млрд. теңге бөлінген. Аталған қаражатқа қаланың 16 көшесі жөнделмек. Жөнделетін жолдардың жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайды. Соның ішінде былтыр басталған 13 көшені жөндеу жұмысын биыл аяқтау көзделуде.

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале