15.03.2016, 20:43
Оқылды: 34

Көрісу тойы – ел тойы

????????????????????????????????????

   Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевтағы Қонаев алаңында 14 наурыз – Көрісу күніне арналған мерекелік шара өтті. Оған қатысушыларды аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтады.


– Қыстың ызғары кетіп, шуақты көктем басталғанда келетін бұл айтулы күннің халқымыз үшін орны бөлек. Бұл күнді көршілес Ресейдің Саратов, Орынбор, Самара, Астрахан, Волгоград облысындағы қазақтар да жыл сайын ерекше атап өтеді. Сондай-ақ, Қарақалпақ, Түркіменстандағы қандастарымыз да осы күні «Қазан толы болсын!» деп, дастарқан жайып, бір-бірімен жылы жүздесіп, қауыша амандасып жататыны ежелден белгілі,-деді аудан басшысы. Ол Тәуелсіздіктің 25 жылдығы асуы әр шаңыраққа шаттық, құт-береке әкелуіне зор тілектестігін арнады.

Мерекелік көңіл-күй құшағындағы жұртшылыққа еңбек ардагері Ғилаж Лұқпанов игі ниетін айтты. Ол осы күнге қатысты ежелден көрген-білгендерін ортаға салды. Ертеректе әр шаңырақ бұл күнді ерекше күтіп, көрісе келетіндерді қарсылайтынын, араз ағайындар татуласып кететінін жеткізеді.

Жиналғандарды құттықтаған аудандық мешіттің бас имамы Ерлан Бауыржанұлы да осы мерекенің мұсылман елінің бірқатарына тән екенін баса айтты.

Шара театрландырылған көрініспен жалғасты. Бір топ аталар мен әжелер сахнаға көтерілді. Олар қазақтың етене болған амандық-саулық сұрасуын «Ұлыс берекелі болсын!», «Наурыз құт әкелсін!», «Көрісу айт құтты болсын!» деген жүрекжарды тілекке ұластырды. Алқалана отырған үлкендерге ұлттық киім киген бір топ жастар келіп көрісті. Үлкендер ақ батасын берді. Дастарқаннан бауырсақ, тәтті үлестірілді.

Сахнаға өнерпаздар Аслан Бақтығалиев, Венера Нұрғалиева, Мұрат Омаров шығып, үлкендерге ізет көрсетті, құрметпен амандасты. «Ассалаумағалейкүм», «Домбыра туралы баллада», «Балқадиша» әндерін орындап, үлкендердің қошеметіне ие болды.

Сахна төрінен «Асыл әжелер» ансамблі халық әні «Илигайды» орындап, жиналғандардың шашақты шаттығын одан әрі үстеді. Аталар мен әжелер баршаға алғыс сезімін білдіріп, ақ баталарын берді.

«Үлгілі» атанған «Балауса», «Сымбат» бишілер тобы да, жыршы-термеші Сұңғат Жанаев та, М.Әуезов атындағы орта мектептің домбырашылар ансамбілі де, саз мектебінің өнерпаздары да, жас әншілер Асылбек Уәлиев, Аружан Батырғазиева да, танымал өнерпаз Жұмағаным Сырымова да Ұлыс күннің қонақтарына керемет өнер сыйлады. «Өнерлінің өрісі кең»,-деп халық тектен-тек айтпаған. Шат-шадыман шаттық қонақтары алаңға тігілген көненің көзі, өткеннің ізі болар алты қанат киіз үйлерден дәм ауыз тиді.

www.zhaikpress.kz

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале