20.11.2015, 18:02
Оқылды: 16

Көшбасшы болуға мүмкіндігі мол компания

 Transformatr01  «Орал трансформатор зауыты» ЖШС еліміздің батыс өңіріндегі және Ресейдегі тұтынушылары мен әріптестеріне кәсіпорынның тұсаукесерін екінші мәрте жасады.


Зауыттың атқарушы директоры Асқар Ажаевтың айтуынша, шараға негізінен Ресейдегі компаниялармен қатар еліміздің мұнайшы, машина жасаушы компанияларының өкілдері шақырылған. Бір жыл ішінде кәсіпорынға 1200-ден астам трансформатор түрлеріне тапсырыстар түскен. Соның 92 пайызы экспортқа бағытталған. Әлемдік экономикадағы өзгерістер жаңадан ашылған өндіріс орнының тынысын «тарылтпаған». Кәсіпорынның өндірістік цехтарында 100-ден астам адам еңбек етуде. Басшылық олардың бірде бірінің қысқармайтынын айтты.

Transformatr02

Компанияның кезекті тұсаукесері де жаңа нарықтарға шығу мақсатын көздейді. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның Ресейдің үш қаласында, соның ішінде Мәскеуде, Екатеринбургте, Саратовта дилерлері бар. Ресейдің «Ростнефть» сықылды алпауыт мұнайшы компанияларымен өнім өткізу жөнінде келісімшарттар жасалған.  Қазақстандық компаниялардан «ТШО», «ҚПО б.в.» компанияларымен, қарғандылық «Арселор Миттал», «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен әріптестік байланыста. Одан басқа еліміздің өзге өңірлерінен де тапсырыс түсуде.

Кәсіпорынның тыныс-тірлігімен танысып, цехтарын арлап көрген  меймандар зауыттың өнімдерінің сапасы жайында оң пікірлерін білдірді. Олардың басым көпшілігі Еуразиялық экономикалық одақ жағдайында әріптестік байланыстардың нығая түскенін атап өтті.

-Өндірістің жұмысы еуропалық деңгейде ұйымдастырылған. Компаниямен бұрыннан жұмыс істейміз. Біздің өнімдеріміздің таралу жағырапиясы кең, Татарстанға, Сібірге, Қорғанға, Сургутке, Ресейдің оңтүстік өңірлеріне тапсырыстар бойынша жасаймыз. Самара, Орынбор облыстары да тұрақты тұтынушыларымыз қатарында. Оралдық зауыттың өнімдері жоғары сапалы, бағасы да көңілге қонымды, - деді «Қазан электротехникалық жабдықтары зауыты» жауапкершілігі шектеулі қоғамының атқарушы директоры Болат Әлібеков.

Басқосу компанияның конференц-залында жалғасты. «Alageum Electric»  холдингтік компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы Сәйдулла Қожабаев жиында жатығасырлық тәжірибелі «ойыншы» - холдингтік компанияның жұмыс барысымен таныстырып, электр энергетикалық саладағы әріптестікті дамытудың әлеуетіне тоқталды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезінетін бұл компания бұдан екі жыл бұрын Орал қаласына жедел жәрдем көлігін сыйға тартса, бұл кездесу барысында «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ-ға оралдық зауыттың нөмірі бірінші өнімі трансформаторды сыйға тартты.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале