19.01.2016, 9:09
Оқылды: 24

Мал бордақылау алаңы ашылмақ

ШолаканкатыСырым ауданы Шолақаңқаты ауылдық округінің әкімі Тимур Айтқалиев округке қарасты Құспанкөл, Аңқаты және Қарағанды елді мекендерінің тұрғындарымен есептік кездесулер өткізді. Кездесулерге аудан әкімі Абат Шыныбеков, жергілікті әкімшілік полиция бөлімінің басшысы Талғат Кенжахметов, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Шайхислам Кәрімов қатысты.


Бүгінгі таңда Шолақаңқаты ауылдық округінде 239 отбасы, 1058 тұрғын тұрады. Округ бойынша 24 шаруа қожалығы, 7 сауда нүктелері, 1 наубайхана, 2 қымыз өндіру цехы қызмет жасайды. Осы сияқты мал шаруашылығымен айналысушы 2 несие серіктестігі, 1 ауылдық тұтыну кооперативі тіркелген. Шолақаңқаты ауылдық округінің осындай әлеуметтік- экономикалық аяқ алысы мен жыл ішінде жеткен жетістігі, жоспардағы жұмыстары туралы округ әкімі Тимур Айтқалиев баяндама жасады.

Шолаканкаты (1)Өз жұмысы жөнінде хабарлама жасаған жергілікті полиция инспекторы Арман Тұманғалиев округтегі қылмыстық ахуалдың күрделене түскенін айтып алаңдаулы. Бір ғана мысал, округ аумағында орналасқан Әулие Жұмағазы Хазіреттің зираты тұсындағы садақа жәшігі бір жылдың ішінде 8 рет тоналған. Бір оқиғаның жыл ішінде 8 мәрте қайталануы қылмыскерлердің шектен тыс еркінсіп кеткенін көрсетеді. Осыны естіп, біздің полицияға іскерлік керек-ау дедік.

Жергілікті халық округ әкімінің жылдық жұмысына оң баға беруде. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында округтің қоғамдық келісім кеңесінің ұйытқы болуымен Тоғанастың төрінен Жеңіс саябағы ашылды. Бұл шаруаға жергілікті шаруа қожалықтары демеуші болды. Саябақ абаттандырылып, жарықшамдар қойылды. Ұлы Отан соғысында опат болған боздақтардың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды.

Округке қарасты Қарағанды елді мекені үшін былтырғы жыл тіпті жағымды болды. Осы жылы елді мекеннің орталық көшесіне таза ауыз су нүктесі орнатылды. Оқушыларды тасымалдайтын көлік мәселесі де шешілді. Ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғалам Қуандықов осы жақсылықтар үшін басшылар мен іскер азаматтарға алғыс білдірді.

Тұрғындар тарапынан Құспанкөл елді мекеніне техникалық су тарту, ауыл маңындағы қараусыз жатқан қаңқасы «балғадай» мал ауласын аудандық ветеринариялық бөлімнің теңгеріміне алып, ветеринарлық-сералогиялық жұмыстар жүргізу үшін пайдалану, ауыз су нүктелерін көбейту, жолды уақтылы тазалау сияқты мәселелер өз алдына айтылды. Сауалдардың жауапсыз қалғаны жоқ.

Кездесулерді аудан әкімі Абат Шыныбеков қорытындылады. Аудан басшысы сөзінен округке қатысты кейбір жұмыстардың жоба-жоспарын естідік. Жаңалықтың біреуі сол, қазіргі таңда Шолақаңқаты ауылдық округінен 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашу үшін жеке инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Нақты жұмыстар қолға алынған жағдайда, округ тұрғындары үшін жұмыссыздық мәселесі шешіледі әрі «Правда» газеті атындағы астық совхозының ізіндегі ауыл өзінің ата кәсібіне қайта оралар еді.

Аудан басшысы округтің маңынан өтетін Самара-Шымкент күрежолындағы көлік қозғалысының жиілеуін өңірдегі жеке кәсіпкерлік саласын өркендетуге пайдалану жайында ұсынысын айтты.

Жиынға қатысушы халық өкілдері мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол!» атты мақаласына қатысты қуаттау пікірлерін білдіруде.

www.zhaikpress.kz

Бауыржан Ширмединұлы

Құспанкөл – Аңқаты - Қарағанды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале