30.03.2016, 12:23
Оқылды: 27

Мал көкке ілікті

Bokei Mal kokke ilikti    Аузымыз аққа, малымыз көкке ілінген жазғытұрғы мезгілді бұрынғылар жуанның жіңішкеріп, жіңішкені үзілер шағына балаған. «Үзіліп кеткендер болмады ма екен?» деген оймен Бөкей Ордасы аудандық ауылшаруашылық бөлімі басшысы С.Хайроллинмен хабарластық.

– Қой малы момын, иі жұмсақ жануар ғой. Қой жылы той жылы болуымен қатар, қысы да жұмсақ, жайлы өтті. Құм өңіріндегі мал шөпке тұрып жарымады. Қырдағылар да қысыла қойған жоқ. Бірен-саран сайқындықтарда болмаса, тұрғындардың жиған шөбі толық жетті. Қазір жер аяғы кеңіп, мал өріске кетті, – деді Сүйінбек Жексенбайұлы.


Жоспарлы экономика кезінде бұл күндері қой төлдету науқаны басталып, аға шопаннан бастап, бөлімше меңгерушісі, мал мамандары, шаруашылық басшылары сақманшы іздеп сабылар еді. Қазір ондай қарбалас жоқ. Мал шарушылығы түгелдей жекенің қолында. Жеке шаруашылық иесінің ішкі есебі өзінде. Сұрағандарға жауап берсе бергені, бермесе де өз ықтияры. Олардың жеке кәсібінде ешкімнің жұмысы жоқ. Әйтсе де, кей қожалықтардың қысы-жазы малды бір орында ұстап, ауыл төңірегін қу тақырға немесе қызыл құмға айналдырғандары шындық. Осы жайды қожалық иелері де, жер комитеті, округ басшылары да қаперге алып, жайлауға шығу мәселесін аяқсыз қалдырмаса екен дейміз.

www.zhaikpress.kz

К.ҒАЙСИН

Бөкей Ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале