29.05.2015, 14:12
Оқылды: 24

Маусым сайын 30 адам су құрбаны болады екен...

C

C

Соңғы кездері адамдардың суға кетуі жиілеп тұр.  Биыл тек мамыр айының   29-на дейін 11 адам тілсіз жаудың құрбаны болды.

Осыған орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті бейсенбіде «Су айдындарындағы адам қазасының алдын алу» тақырыбына дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Бұған облыстағы денсаулық сақтау және білім саласының мамандары, қала әкімдігі мен облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілдері қатысты.

БҚО ТЖ департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Марс Отаровтың баяндауынша,  жаз айы басталғалы халық көп баратын су айдындары ерекше бақылауда. Мысалы, 24 мамырдан бастап судан құтқару қызметі мен жедел құтқару отрядтары облыс орталығындағы және Чапаев ауылындағы су айдындарына, сондай-ақ Шалқар көлі маңына патрульдік қызмет ұйымдастырып, аталған орындарды айрықша қадағалауда.  Патрульдік қызмет кезінде мекеме қызметкерлері демалушыларға рұқсат етілмеген жерде және мас күйінде суға түсуге болмайтынын айтып, тұрғындарға сақтық шараларын алуды ескертіп жүр. БАҚ арқылы тұрғындар арасында күні бүгінге дейін 74 рет  суға кетудің алдын алу  жөнінде дәрістер ұйымдастырылып, оған 4650 адам қатысқан. Су жағалауында 19 ескерту белгілері орнатылған, қауіпті жерлерге билбордтарды орналастыру жұмысы одан әрі жалғасуда.

- Өкінішке орай, осыншама жұмыстың жүргізіліп жатқанына қарамастан, суға кеткендердің саны жылдан-жылға артып отыр. Мысалы, өңірімізде тек мамыр айының 29-ына дейін 11 адам суға кетсе, соның 7-еуі - балалар. Облыс бойынша соңғы 10 жыл ішінде 303 адам су құрбаны болса, солардың 63-і - балалар.  Жалпы, облыста жыл сайын 30-ға жуық адам тілсіз жаудың құрбаны болады екен. Сараптама қорытындысы бойынша, суға кетушілердің 34 пайызы мас күйінде суға секіргендердің, 25 пайызы суға жүзу тәртібін бұзушылар мен жүзу білмейтіндердің үлесіне тиеді. Ал 16 пайызы рұқсат етілмеген жерге суға түскендер және 13 пайызы ата-аналарының қадағалауынсыз қалған балаларға тиісті болып отыр. Суға кеткендердің 44 пайызы Орал қаласына тиесілі болса, 23 пайызы Зеленов ауданы және 8 пайызы Ақжайық ауданының үлесінде. Су құрбаны болғандардың 38 пайызы 16-26 жастағы адамдар болса, 26 пайызы - жұмыссыздар  және 19 пайызы - балалар, - деп нақты деректер келтірген төтеншелікке қатысушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, пікірлер айтылды.

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале