19.01.2016, 14:10
Оқылды: 23

Мақтаулы сарбазбен кездесу

КайырболатАқжайық ауданының Қабыл ауылындағы Ілбішін негізгі мектебінің ұжымы үшін жуырда есте қалар күндердің бірі – Отан алдындағы борышын ҚР Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде абыроймен өтеп келген ауылдас Қайырболат Закариевпен кездесу болды. "Ұлттық Ұлан қызметінің үздігі" белгісі иегері, сарбаз Қ.Закариев мектеп оқушыларына әскери борышын өтеу кезіндегі күндерінен әсерлі әңгімелеп берді.


Ұл-қыздардың сұрақтарына нақты жауап бере отырып, ол қызметтесімен бірге кездескен тосын оқиға жайында да баяндады. Яғни, қыз балаға әлімжеттік жасап, оған зорлық-зомбылық көрсетпекші болған екі әумесерді тұзақтауда, әрине, шұғыл әрекет жасап, әскери бөлімнен, қала тұрғындарынан алғысқа бөленді.

Осындай мақтаулы сарбазды аудан әкімі Әділ Жоламановтың қабылдап, қошемет көрсеткеніне ауылды және бір көтеріліп қалғаны жайында да әңгімеленді.

– Теледидардан біздің Қайырболаттың ерлігін айтып жатқанда, зор қуанышқа бөлендім,-деді бастауыш сынып мұғалімі Г.Мақанова. - Қуанғаннан анасын құттықтадым. Оның әлгі оқиға кезінде қасындағы жолдасымен бірге шалт қимылы, міне, бүгінгі әңгімесі кейінгі іні-бауырларын жігерлендіргенін байқау қиын емес.

Мектеп директоры К.Жүнісова «Адамдар мен қоғамдық ортаға тек жақсылық пен ізгіліктің нұрын сеуіп, әлсізге араша тұра алған осындай оқушыларымыздың бар екеніне мақтанамын. Қайырболаттың ағасы Ерболат та Алматы қаласының Райымбек батыр атындағы 38-ші десанттық батальонында қызметін абыроймен атқаруда. Сондай-ақ Алматы облысындағы 20709-шы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбазымыз Жанболат Пендебаев та Тәуелсіздік күніне орай үлкен марапатқа ие болды»,-деп зор мақтанышын бүкпеді.

Қайырболат кездесу кешінде сарбаз өзін үлкен өмірге дайындаған еліне, мектебіне алғысын арнады. Оқушылар сарбаз құрметіне ән салып, жырлар оқыды.

www.zhaikpress.kz

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале