13.06.2016, 11:08
Оқылды: 26

Мегажоба Күйгенкөл ауылында

Janibek megajoba Borsi  «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» республикалық мегажобасы шеңберінде күйгенкөлдіктер Борсы ауылының делегациясын қабылдады. Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі аппаратының басшысы Жақсылық Абдолов ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткізіліп жатқан мегажоба елдің дамуына, халықтар достығы мен бірлігінің беки түсуіне ықпал ететіндігін жеткізді. Күйгенкөл ауылдық округінің әкімі Алия Оспанова да аталмыш шараның екі ауыл тұрғындары арасындағы әріптестік қарым-қатынасты нығайту, өзара тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік екендігін атап өтті.


  Борсы ауылдық округінің әкімі Айгүл Бекқалиева бастаған делегация мүшелері, алдымен, Күйгенкөл ауылындағы Ө.Сахипов атындағы ЖББОМ мен «Ақбота» балабақшасын аралады. Екі ауылдың ұстаздары мен балабақша қызметкерлері өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, Күйгенкөл мен Борсы ауылының жастары волейбол, үстел теннисінен жолдастық кездесулер өткізіп, көрермендерге тартысты ойындар көрсетті.

   Аталған шара борсылық өнерпаздардың Күйгенкөл ауылының тұрғындарына ұсынған «Үлкен ел – үлкен отбасы» атты концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Концертте Мербол Ихсанов «Көк тудың желбірегені», Дарын Дияр «Туған жер», «Самға, қазақ!», Жазира Жанболатова «Перзент парызы», Дамира Жүсіпова «Туған ел», Арман Нұрмұқан «Туған жер» әндерін қалықтата шырқаса, «Аққайың» би ансамблі бірнеше биден шашу шашты. Ал, жас ақын Асылан Құзайыр патриоттық бағыттағы төл туындысын нақышына келтіріп оқып берді. Концерттің соңында сахна төріне көтерілген Күйгенкөл ауылдық округінің әкімі Алия Оспанова шараның жоғары деңгейде өткендігін тілге тиек етіп, Борсы ауылынан ат арытып келген делегация мүшелеріне алғысын айтты және естелік сыйлық табыстады. Өз кезегінде сөз алған Борсы ауылдық округінің әкімі Айгүл Бекқалиева мегажобаның екі ауыл арасындағы достықтың нығаюына сеп боларын айта келіп, күйгенкөлдіктерге естелік үшін сый-сияпат тарту етті.

www.zhaikpress.kz

Д.ЗЕННАТ

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале