31.05.2016, 19:10
Оқылды: 40

Медиацияның шешімі сот шешімімен бірдей

mediaciaАқжайық аудандық сотында ауылдық округтер әкімдеріне және кәсіби емес медиаторларға арналған ашық кездесу өтті.


«Медиация туралы» Заңның маңызын, қолданылу тәртібін және қолданудың тиімді тұстарын түсіндіру арқылы тәжірибелік көмек көрсету мақсатын көздеген шарада алдымен облыстық соттың қылмыстық істер бойынша апелляциялық сот алқасының судьясы Ғиззатолла Қырықбаев Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» бағдарламасы негізінде сот жүйесінің ашықтығын, қолжетімділігін, объективтілігін арттыру, халықтың сот жүйесіне деген сенімділігін қалыптастыру өмірдің зор талабы еткен баяндады.

«Судья лауазымына қойылатын талап та әрине, күшейтілді. Бүгінгі таңда әрбір қаралатын іс аудио-бейнежазба құралдары арқылы жүргізіледі. Бұл дегеніміз – сотқа қатысушы әр тарап сот шешімінің әділдігіне сенімді бола алады. Сондай-ақ, сот сатылары азайтылып, 5 сатылыдан 3 сатылыға көшкен болатын, яғни бұл – сотты халыққа жақын етіп, қолжетімділікке ұмтылдырды»,-деді ол.

Облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляциялық сот алқасының судьясы Есенбай Боранбаев «Иә, сот жүйесіне қойылатын талаптар қатаңдады, судьялар қызметке қатаң байқаудан, тағылымдамадан іріктеліп алынады. Мәселен, бес жыл жұмыс өтілінің болуы, кемінде 25 жасқа толуы, заң саласында қызмет етуі сияқты талаптарға сай болуы керек.

Заман зор өзгеріс, жаңалықтарын әкелуде. Облыс әкімі мен облыстық сот төрағасы арасында медиация туралы меморандумға қол қойылды. Медиация заңын қолданудың мақсаты – бұл халықты сотқа жеткізбей-ақ өзара бітімге келтіру, даулы мәселесін бітімгершілікпен шешу. Сол себепті, әрбір медиаторға әкімшіліктен кабинеттің ашылуы, ондағы орналасқан әдістемелік нұсқаулық, слайд-шоу сынды көрнекілік құралдармен оларға жүгінген халықтың түсінігін қалыптастырып, заңның тиімділігін ұғындыру – медиаторларға, ал ұйымдастыру әкімдіктерге жүктеліп отыр. Медиция – дауды соттан тыс реттейтін заң тәртібі, ал бітімгершілік келісім – сотта тараптарды бітімге келтіру тәртібін реттейтін заң, партисипативтік келісім – бұл тараптардың қорғаушылары арасындағы бітімгершілік келесім»,-деп, аталған заңдарды қолданудағы мақсат – халықтың арасында туындаған дауды сотқа жеткізбей, бұрынғының билері сияқты бітіммен шешу екенін айтты.

Кездесуге қатысқандан ұсыныстарын алға тартып, сұрақтарына жауап алды. Біраз ауданда дау-дамайды бітімгершілікпен шешуде жақсы тәжірибелер қалыптасып отыр. Соны одан әрі беркіткен абзал.

Қоғам болған соң түрлі мәселелер, түрлі түйткілдер орын алмай тұрмайды. Ондай мәселелерді сауатты да салиқалы, байыппен шешудің жолы сот процестеріне татуластыру рәсімдерін кеңірек қолдану болып табылады. Айталық, партисипативтік рәсім заңды және жеке тұлғалардың азаматтық, еңбек, отбасылық, басқа да құқықтық қатынастардан туындаған азаматтық-құқықтық дауларда қолданылады. Бұл көптеген өркениетті елдерде сәтті қолданылуда. Осындай түрлі балама тәсілдерді тәжірибеге енгізу сот саласының дамуына тың серпін береді. Медиацияның шешімі сот шешімімен бірдей екенін халық арасында әлде де ұтымды түрде ұғындырған абзал. Бас қосуда мәселенің осындай қыр-сыры кеңінен айтылды.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале