24.09.2016, 12:56
Оқылды: 29

Медколледжге – 100 жыл!

med-kolledj-02    Батыс Қазақстан Жоғары медициналық колледжінің құрылғанына 100 жыл толуына орай аталған оқу орнында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұған көршілес Ресей елінен және республикамыздың түкпір-түкпіріндегі медициналық оқу орындарының өкілдері мен жергілікті денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері қатысты.


  «Қазақстан Республикасында денсаулық саласын дамытудың 2016-2019  жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын  жүзеге асыру шеңберінде мейіргерлік білім беруді жаңарту» атты  Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталмас бұрын қатысушылар  Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің мейіргерлік білім беруді жаңарту және ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету» тақырыбындағы көрмесін тамашалады.

   Аталмыш конференция Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменовтің алғы сөзімен басталды. Ол өз сөзінде қатысушыларды Батыс Қазақстан Жоғары медициналық колледжінің тарихымен және ұжымның жетістіктерімен таныстырды. Бұдан соң Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің медициналық білім және ғылым басқармасының басшысы Үлмира Нұралиева мен Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мейіргерлер ісі бойынша штаттан тыс бас маманы, «Қазақстан Республикасы медициналық колледждері одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, медицина ғылымының докторы Сұлтан Сейдуманов сөйлеп, аталған ұжымды 100 жылдық мерейтойларымен құттықтады.

   Осыдан кейін конференцияның кеңейтілген пленарлық отырысы басталып, Үлмира Әуезханқызы «Қазақстан Республикасында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын  жүзеге асыру шеңберінде мейіргерлік білім беруді жаңарту» атты тақырыпта баяндама жасады. Келесі кезекте Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының  оқу-әдістемелік кабинетінің техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Райгүл Қуанышалиева сөйлеп, Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» негізінде техникалық және кәсіптік білім беруді жаңарту жолдары жөнінде әңгімеледі. Осы жиында Ресей Федерациясы «Самара мемлекеттік медициналық университеті» Мейіргерлік білім беру институтының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор   Лариса Карасева, Н.Ляпина атындағы Самара медициналық колледжінің директоры Надежда Викторовна Ярочкина, Ақтөбе облысының мейірбике ісін дамыту орталығының   директор  орынбасары Замзия Алипова және басқа да конференция қонақтары сөйлеп, білікті мейіргерлер даярлау бағытындағы іс-тәжірибелері мен ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймурзиеваның «Батыс Қазақстан облысында мейіргерлерді даярлау» және  Батыс Қазақстан медициналық колледжінің  «Мейіргер ісі» бөлімінің меңгерушісі Гаухар Әлібаеваның  «Мейіргерлерді даярлау ісінің заманауи дамуы» атты тақырыпқа даярлаған баяндамалары жиынға қатысушылардың үлкен қызығушылығын туғызды.

    Конференцияның салтанатты бөлімі сол күні кеште облыстық қазақ драма театрында оздырылды.  Салтанатты кешке арнайы келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов кеш қонақтарына «хош кедіңіз» айтып,   Батыс Қазақстан Жоғары медициналық колледжінің ұжымын облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан мерейтойларымен құттықтады. Ол өз сөзінде аталмыш ұжымның  жемісті жұмысын атап өтіп, бір топ қызметкерге облыс әкімінің алғыс хатын табыс етті.

    Бұдан соң кеш қонақтары сөйлеп, мерейтой иелеріне ақ тілектерін арнады. Шара барысында ұжымның озат қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі мен Құрмет грамотасы және еңбек ардагерлеріне мерейлтойлық медальдар табыс етілді.

Кеш соңы облыстық филармония қызметкерлері даярлаған мерекелік концертке ұласты.

Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале