1.06.2016, 11:25
Оқылды: 19

Меймандостығымызды таныттық

Janibek meiman dostigimizdi tanittik         Ресей Федерациясының Волгоград облысы, Палласовка ауданына қарасты Эльтон селосында облыстық этно-фольклорлық фестиваль оздырылып, оған Жәнібек ауданының делегациясы арнайы қатысып қайтты.


     «Эльтон – алтын көл» атты фестиваль қонақтардың Сталинград шайқасында қаза тапқан кеңес сарбаздарына арналған бауырластар зиратына гүл шоқтарын қоюмен бастау алды. Шарада әр ұлт өкілдері сәндік-қолданбалы бұйымдар мен тағам түрлерінен көрме ұйымдастырып, көрермендер назарына ойын-сауық ұсынды. Волгоград облысы губернаторының бірінші орынбасары Александр Беляев, азаматтық қорғаныс және  төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Юрий Наурзалиев, облыстық Думаның депутаттары Сергей Булгаков пен Евгений Шаманаев сынды мәртебелі меймандар орыс, украин, татар, шешен, казак ауылдарын аралап келіп, қазақтың киіз үйінде жайылған кең дастархандағы ұлттық тағамдардан дәм татты. «Алтын-Нұр» этнографиялық орталығының жетекшісі Смағұл Мұңтаев пен Палласовка ауданы қазақтарының «Самал» қоғамдық ұйымының төрағасы Жарасқан Жолмұханбетов ұйымдастырған қазақ ауылында екі ел достығы жайлы келелі әңгіме қозғалды. Басқосу кезінде «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Ахмедияр Батырханов Жәнібек ауданы әкімдігінің құттықтау хатын Палласовка муниципальды ауданының басшысы Вячеслав Толмачевке табыс етіп, көршілес жатқан қос аудан арасындағы тығыз қарым-қатынас бұдан былай да жалғасын табатындығына сенім білдірді.

  Фестиваль барысында 104 шақырым қашықтықты құрайтын шөл даладағы марафон жарысы ұйымдастырылды. АҚШ, Франция, Қытай, Кения, Египет, Қазақстан елдерінен жиналған желаяқтардың ішінен үздік шыққандарын жеңіл атлетикадан Олимпиада ойындарының чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы Елена Слесаренко құттықтап, диплом мен бағалы сыйлықтар табыстады.

   Кешкісін фестиваль қонақтары Волгоград облысының үздік өнерпаздары дайындаған гала-концертті тамашалады. Концертте Жәнібек ауданының жезтаңдай әншілері де өнер көрсетті. Ақтоты Ешматова мен Шынар Каюпова бірнеше қазақ әндерінен шашу шашып, дүйім жұртшылықтың қошеметіне бөленді.

         Осылайша, ежелден көршілес екі елдің достығы аталған фестивальде тағы да көрініс тапты.

www.zhaikpress.kz

Данияр ОСПАН

Жәнібек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале