21.05.2016, 11:20
Оқылды: 23

Мейрамдарыңызбен, мәдениет майталмандары!

kultura teatr    Облыстық қазақ драма театрында 21 мамыр – ҚР Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.


  Өңір басшысы алдымен театр фойесіндегі мерекеге сай жасақталған көрмемен танысып, мәдениет саласы қызметкерлерінің өнерін тамашалады. Облыстық өлкетану музейінің қорынан әкелінген көрмеге КСРО халық әртістері Роза Жаманова мен Хадиша Бөкееваның сахналық костюмдері, музыкалық аспап жасаудың атақты шебері А. Крутовтың гитарасы, немістің атақты «Аккордеон» фирмасынан шыққан сырнай, сондай-ақ мандолина, скрипка, қазақтың домбырасы, өзге де саз аспаптары қойылған.

   — Өркениетті ұлт өзінің тарихымен, мәдениетімен ерекшеленеді. Біз бүгінде 25 жыл толғалы отырған тәуелсіздігіміздің арқасында мәдениетімізді сақтап қалған елміз. Тарихымыз терең, ұлттық бірлігіміз мығым. Отанымыздың дамуына зор үлесін қосып келе жатқан, мәдениет саласының қызметкерлері, төл мерекелеріңіз құтты болсын! — деген өңір басшысы бірқатар сала қызметкерлерін облыс әкімінің алғысхатымен марапаттады. Сондай-ақ бір топ мәдениет және өнер саласының қызметкерлері облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының алғысхатына, салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Құрмет белгісіне» ие болды. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов сала ардагерлері мен қызметкерлеріне арнап Құрманғазының «Амандасар» күйін орындап берді.

   Шара барысында мәдениет қызметкерлеріне  түрлі мекеме-кәсіпорындардың құттықтаулары мен сый-сияпаттары табыс етілді. Салтанатты кеш облыс әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің және қалалық, аудандық өнер ұжымдарының мерекелік нөмірлерімен өрбіді.

www.zhaikpress.kz

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале