4.08.2015, 9:15
Оқылды: 28

Мектеп оқушыларының тарихи-танымдық экспедициясы

Akjayik ekspedicia01    Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне Ақжайық аудандық туризм және экология орталығы тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырды.

Ғасырлар қойнауындағы эпиграфикалық ескерткіштер – көне құлпыстармен танысу, аруақты би, батырлар туралы жас өрендердің білімін толықтыру бұл іс-шараның басты мақсаты болды. Ат басын алғаш тіреген жер – Базаршолан ауылдық округі аумағындағы Алашаның Кенжеғарасы қорымынан-ақ ұл-қыздар тарихтың қатқарларымен қызыға қауышты.

Кезінде Исатай батырдың сүйегін жау қолынан ұрлап алып шығатын Сатай батырдың осы қорымдағы құлпытасын белгілі журналист Қазыбек Құттымұратұлы тауып оқып еді. Қорымда атты кісінің бойы жетпейтін биік құлпытастар, небір әсем өрнекті, сыртына қылыш пен найзаның таңбасы бедерленген тастар жеткілікті. Сусыз шөл далада, қапырықта сор жағасындағы ескі қорымды жата-жастанып зерттеуге кез-келген ғалымның тәуекелі тұрып, аяғы жете бермейді. Ауданның бірнеше ауылынан жиналған экспедиция мүшелері ғалымдардың жұмысын барынша жеңілдетіп, құлпытастағы жазуды үйінде отырып оқуға жағдай жасауды ойластырды. Яғни, киелі жерлерге зиярат жасап, ата тарихымызды зерделеумен қатар Кенжеғара қорымын картаға түсіріп, қауымдағы әр құлпытасты нөмірлеп, фотосуретін дайындады.

Бұрын туризм бағытындағы тек спорттық саяхаттарға жиі шығып жүрген команда үшін бұл сапар тың бастама, әрі қиын, әрі қызғылықты болып есте қалғаны анық. Әрі қарай олар Базартөбе ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылы маңындағы Үкі би мазары, Базаршоланнан 18 шақырым жердегі Сүгір жырау Мырзалыұлы жерленген қауымға келіп басына зиярат етті. Сүгір жыраудың ұлы Шымыр Ишанның мешітінің орны бар. Осы жерде Сүгір жыраудың шөбересі Есқали Шымыров "Шымыр мешіті" атты қожалықта мал мал өсіруде.

Тағы да сол Базаршоландағы Байбарақ батырдың аппақ кесенесі алыстан дулыға киіп келе жатқан алып адамдай болып айбатты көрінеді. Тайпақ ауылындағы Арыстан атаның рухына да балалар тағзым етті. Арыстанғали Жұмалыұлы заманында көріпкел, әулие, емші болған кісі.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале