3.06.2016, 19:11
Оқылды: 29

«Мемлекеттік рәміздер – ең басты құндылық»

Screenshot_2016-06-04-08-14-23-14 маусым - Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күніне орай «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының мәжіліс залында облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік рәміздер – ең басты құндылық» атты дөңгелек үстел өтті. Бұған мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ, жастар қоғамдық бірлестіктері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.


Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айгүл Есекенова ашып, қатысушыларды еліміздің Мемлекеттік Рәміздері күнімен құттықтады. Айгүл Оразқызы жақында қаланың 5-7 шағынаудандар аумағында Ел Туына арналған шағын алаң жасақталатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, еліміздің мемлекеттік рәміздері Салтанат сарайы мен Достық үйінің арасында орналаспақ.
Бұдан соң ҚР мемлекеттік рәміздері туралы слайд көрсетіліп, ондағы мәліметтерді М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы Назгүл Төкешева толықтырды. Ол еліміздің Мемлекеттік Рәміздері тарихының тым тереңде жатқанын айтып, мемлекеттік нышандардың әр кезеңдегі өзгерісі жайлы баяндады. Бұдан соң сөйлеген кітапхана қызметкері Аягүл Рухоллақызы өз мекемесінде өткізілген мемлекеттік рәміздерге арналған шаралар жөнінде баяндаса, «Облыстық жастар қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Ермек Мұхамбетқалиев бұл күннің еліміздегі ең үлкен мейрам күні екенін жастардың миына осы бастан сіңіре беру керектігін жеткізді. Бүгінгі күнді «Мейрамыңызбен!» деп бастағанын айтқан жастар ұйымының өкілі Мемлекеттік рәміздер күнін жұртшылықтың Жеңіс күні секілді үлкен мереке есебінде қабылдауына дейін апару керектігін айтты. Оның бұл ұсынысын осы жиынға қатысып отырған «Болашақ» қоғамдық қорының төрайымы Салтанат Тұманбаева да қостады.
-Көз қиығымыз бен тіліміз, түріміз бен түсіміз әр түрлі болғанымен, біз –бір елдің адамдарымыз. Кейде маған осы жерде ұзақ уақыт тұрғаннан кейін түрлі ұлт өкілдерінің түр-түсі, тілі, тіпті әдет- ғұрыптары да ұқсап кететін секілді болып көрінеді.Қай ұлттың адамы болсақ та, өзіміз өмір сүріп жатқан елге құрметпен қарап, оның Мемлекеттік Рәміздерін сыйлауымыз керек. Елімізді өркендету үшін, ұрпағымызды өсіріп, өндіру үшін бізге бірлік, ынтымақ керек. Бәріміз де армян ұлтының өкілі Амирханянға ұқсап, жүрген жерімізде қазақтың Туын көтеріп, мәртебесін асқақтатып жүрейік, - деді жиында сөйлеген «Вайнах» шешен-ингуш мәдени этнобірлестігінің төрағасы Даниялбек Саратов. Оның сөзін жалғастырған облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Төлеген Тастайұлы мен қалалық мәслихат депутаты Әлия Сәлиева жастардың бойына отаншылдық сезімін балабақшада жүрген кезінен бастап қалыптастыру керектігін айтса, «Көмек» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Ақышев мекемелердің мемлекеттік рәміздерді қолдану ережесін қатаң сақтағаны жөн екенін жеткізді. Ал «Заман» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Өкшебаев еліміздің мемлекеттік рәміздерінің бағасы тым қымбат екенін айтып, оны мейрам күндері сатып алып, пайдалануға көпшіліктің қалтасы көтермейтінін алға тартты.
Осыдан кейін жиынды қорытындылаған Айгүл Есекенова ұлтжандылықты кейінгі ұрпаққа жеткізу - алдыңғы толқын ағалардың ең басты парызы екенін айтып, бүгінгі басқосуда белсенділік көрсеткен қатысушыларға алғысын жеткізді.

www.zhaikpress.kz

Айша ӨТЕБӘЛІ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале