18.09.2015, 9:55
Оқылды: 18

Мемлекет басшысы: «Нұрлы жол» бағдарламасы «Жібек жолы» экономикалық белдеуін құру бастамасымен сабақтасады

NAzarbaev akimdermen kenes    Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдерімен өткен кеңес барысында Нұрсұлтан Назарбаев елді индустрияландырудың және «Нұрлы жол» жобасын жүзеге асырудың жайына тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚХР-ға сапар барысында біз қытай тарапымен сомасы 23 миллиард доллар болатын келісімшарт жасастық, ондаған нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Бірлескен кәсіпорындар әртүрлі шарттар негізінде құрылатын болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы Қазақстан үшін тиімді трансқұрлықтық логистикалық жоба болып саналатын «Жібек жолы» экономикалық белдеуін құру бастамасымен сабақтасатынын айтты.

«Бұл бағытта қазірдің өзінде аз жұмыс істелген жоқ. Бүгінде Қытайдағы Ляньюньган портындағы біздің терминалмен АТМ (Азия - Тынық мұхит) елдерінен Қазақстан  арқылы Еуропаға 250 мың контейнер жіберіліп жатыр. 2020 жылға қарай ол екі еселенеді. Бұл пойыздардың жүріп өтетін жолында бизнес-құрылымдар пайда болады. Сонымен қатар Батыс Еуропа - Батыс Қытай жолының құрылысы аяқталуға таяп қалды. Бұл жоба да зор мүмкіндіктерге ие. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында батыс өңірде сомасы 345 миллиард теңге болатын жобалар жүзеге асырылады. Бірінші рет біздің елде кемелер мен паромдар құрастыратын комбинат салынуда. Ресейге шығатын Ақтөбе - Атырау, Атырау - Астрахань, Орал - Каменка автомобиль жолдары салынып жатыр. Бұл жобалардың барлығы экономикамызға серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізетін болады», - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жұмыспен қамту, әсіресе шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамту мәселелеріне назар аударды.

«Бұл - әлемнің барлық елдері үшін, Қазақстан үшін де елеулі міндет. 20-50 адам еңбек ететін кәсіпорындардың көп болғаны маңызды. Мәселен, Германия дағдарыстан қиындықсыз өтті, өйткені бұл елде шағын және орта бизнес кәсіпорындары көп, олар экономиканың 90 пайызын қамтамасыз етеді. Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен салыстырғанда олар әлдеқайда икемді болып келеді. Мәселен, егер өнімдеріне деген сұраныс азайса, сол сәтте олар басқа салаға ауысады», - деді Мемлекет басшысы.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале