22.06.2016, 16:05
Оқылды: 26

Мердігерге 24 сағат уақыт берілді

JosaliЖосалы ауылдық округінің орталығы Қоңыр ауылы мен округке қарасты Тамды елді мекенінде аудан әкімдігінің ашық есік күндеріне байланысты жергілікті халықпен кездесулер өтті. Кездесулерге аудан әкімі Абат Шыныбеков және аудандағы ауылшаруашылығы мен бюджеттік саланың өкілдері қатысты.


Кездесудің күн тәртібінде Жосалы ауылдық округі бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімет тыңдалды. Бұл туралы округ әкімі Қобыланды Ғабдешов хабарлама жасады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының бүгінгі аяқ алысы мен жаңа жоспарлары жайлы аудан басшысы Абат Шыныбеков өзінің сөзінде жинақы қамтыды.

Ашық есік күндеріндегі кездесулерде негізгі маңыз жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлеріне беріледі. Осы жолы да солай болды. Тамдыдағы кездесуде ауыл тұрғыны Тасболат Досқараев тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру жөніндегі мәселені айтты. Электр желілерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары биыл Жосалы ауылдық округінде сәл ауқымдырақ атқарылатын көрінеді. Жаңағы мәселе сол жұмыстардың шеңберінде шешілуі ықтимал.

Жосалылықтар ауылшаруашылығын қолдау мен жергілікті жердегі кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар туралы көбірек түсінік сұрады.

Жылдың басында Жосалы ауылдық округі көгілдір отын желісіне қосылды. Тұрғындар ауылішілік газ құбырларын жүргізуге және тұрғын үйлерді көгілдір отын желісіне қосуға жауапты мердігер «Нұржан» серіктестігінің жұмысына қатысты көп сын айтуда. Сын айтса айтқандай, мердігер серіктестік халыққа қызмет көрсету кезінде көп кемшілікке орын берген. Төлемі толық төленген тұрғын үйлер әлі газ желісіне қосылмаған, төлем алғандығы жөнінде тұрғын үйдің иелері мен мердігерлердің арасында келісімшарттар жасалмаған. Қаржы жинау шаруасы осы кезге келісімшарттың сыртында жүргізіліп келген. Жағдайға қанық аудан әкімі Абат Шыныбеков мердігер серіктестіктен сапалы жұмысты талап етті. Кеткен кемшіліктерді түзетуге 24 сағат уақыт берілді.

Аудан әкімі Абат Шыныбеков округтегі сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Жосалы ауылдық округінде суретші Мұратбек Жоламановтың дүниеге келгеніне  50 жыл толуына байланысты деңгейлі шаралар легі жоспарлануда. Суретшінің туған ауылындағы А. Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебінде Мұратбек Жоламановтың сыныбы ашылуы мүмкін.

 www.zhaikpress.kz

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале